Тасқын судан зардап шеккен автожолдардың шығыны 37,5 млрд теңгені құрады: БҚО жол жөндеуге қосымша 1 млрд теңге қаражат сұрап отыр
Тасқын судан зардап шеккен автожолдардың жалпы шығыны 37,5 млрд теңгені құраған. Республикалық жолдарды қалпына келтіруге 8,5 млрд теңге, жергілікті жолдарды қалпына келтіруге 29 млрд теңге жұмсалған. Бұл жайлы Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
Министрдің айтуынша, су тасқыны салдарын жою үшін бұзылған жол учаскелері мен құрылыстарды қалпына келтіру жөнінде жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр. Жұмыстардың басым бөлігі аяқталған.
«Республикалық жолдар бойынша 122 учаскеде жол жиектері мен қабаты шайылған болатын. Шығын – 8 млрд 500 млн теңгені құрады. Қалпына келтіру бойынша жұмыстарды қаржыландыру толық көлемде көзделген. Бүгінгі таңда республикалық бюджет есебінен 102 участок толығымен аяқталды», – деді министр.
Ал қалған 20 учаскедегі жұмыстар Қазақстан Даму банкінің қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатыр.
Жергілікті жолдар бойынша 10 өңірдегі 414 учаскеде жол жиегінің шайылуы, жол қабаты мен құрылыстарының бұзылуы анықталған. Оның 233 учаскесі жөндеуден өткен. Қалған 181 учаскеде жұмыстар әлі де жүріп жатыр. Оларды жөндеу жыл соңына дейін аяқталады.
«Жалпы Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша 88 учаскені қалпына келтіру үшін Үкіметтің төтенше резервінен 29 млрд теңге қаражат бөлінді», – деді Қарабаев.
Министр кей өңірлердің жолдарды өз бюджеті есебінен жөндеп жатқанын айтты. Мәселен, БҚО әкімдігі 26 учаскені өз есебінен қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған. Десе де әкімдік жол құрылысына қажетті қаражаттың жетпейтінін айтып, Үкімет есебінен 1 млрд теңге көлемінде қаражат сұратқан. Қарабаев министрліктің бұл қаржыландыруға қатысты қаулы жобасын қарастырып жатқанын айтты.
Осы орайда премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдіктері мен мүдделі мемлекеттік органдар инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік объектілерді қалпына келтіру жұмыстарын толығымен аяқтауды тапсырды.