Рейдерлік пе? Алматы әуежайы мен кәсіпкерлер арасындағы сауда нүктелері үшін талас неден туындады?
Алматы әуежайында жиырма жылдан бері сауда нүктелерінен табыс тауып келген кәсіпкерлер бір күннің ішінде сүбелі бизнесінен айырылып қалып отыр. Олар авиация прокуратурасы мен Алматы халықаралық әуежайының иесі – ТАV компаниясын «жеке бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды» деп мәлімдеме жасады. Ал Алматы әуежайы болса, «бөгде адамдың» кесірінен терминал үй-жайларының бір бөлігін пайдалана алмай отырмыз деп шағымданды.
Кәсіпкерлер тоғыз айдан бері талай табалдырықты тоздырып, түк шықпаған соң, қоғамға үн қатуды ұйғарыпты. Кәсіпкер Айжан Бектібаева қарсыластарын ашық дебатқа шақырды. Тіпті қолында Қазақстан билігі мен ТАV арасында Алматы әуежайы туралы мәлімеге қатысты даулы мәліметтер бар екенін де айтып қалды.
«Қазір кәсіпкерлер жалға алу келісімшарты бойынша жұмыс істеп жатыр. Көбіміз жиырма жылдан бері жалға алып келеміз. Заң бойынша, біз оны сатып алуға құқығымыз бар. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін әділ келіссөз жүргізуді талап етеміз. Мемлекет тарапынан қолдау күтеміз», – дейді Айжан Бектібаева.
Кәсіпкер Сағатай Тұқыбекованың пікірінше, «мемлекет қорғамағандықтан, кәсіпкерлердің өзі құқығын қорғауға мәжбүр» болып отыр.
«Бұдан екі апта бұрын әкімшілік, мемлекеттік кіріс қызметі, әуежай заңгерлері жұмысымызға баса-көктеп кіріп, ескертусіз, құжатсыз келіп, жұмыс орнымызды босатуды талап етті. Бір кәсіпкердің ісін екінші кәсіпкер тартып алатын «90-шы жылдар қайта келген бе?» деп ойладық. Заңсыздықтың жолымен жүрген түрік әкімшілігіне тап болдық», – деді Сағатай Тұқыбекова.
Заңгер Ольга Брулеваның пікірінше, халықаралық компания Алматы қаласының атқарушы органдарын пайдаланып, кәсіпкерлердің бизнесін алып қоюға ұмтылып жатыр.
«Көлік прокуратурасы «2022 жылғы сот шешімі кәсіпкерлердің барлығы терминалдан шығуына негіз болады» деп мәлімдеді. Бұл құқықтық – нигилизм. Бұдан басқа, терминалды босату туралы сот актілері жоқ», – дейді заңгер.
Ал Алматы әуежайының баспасөз қызметі заңды әрекет етіп жатқанын хабарлады. Олардың пікірінше, бұрын жеке және заңды тұлғаларға тиесілі Алматы қаласы халықаралық әуежайының жолаушылар терминалындағы үй-жайлардың бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылған. Сондай-ақ Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасының жедел қарауына түскен.
Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты 2022 жылы 29 желтоқсанда (Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысы) және Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2023 жылғы 28 сәуірде (Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 шілдедегі қаулысы) осындай шешім шығарған.
«Сот актілеріне сәйкес, бұрынғы меншік иелері осы үй-жайларды Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасына 2023 жылдың 20 шілдесінде және 21 қыркүйегінде тапсыруға міндетті болған. Бұл мерзімнен кейін, осы үй-жайларда қандай да бір адамдардың болуы заңсыз», – дейді әуежайдың баспасөз қызметі.
Әуежайдың уәжіне қарағанда, бұдан кейін электрондық сауда-саттық қорытындысы бойынша «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ мен Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы арасында мемлекеттік мүлікті 30 жыл мерзімге, кейіннен сатып алу құқығынсыз, сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт жасалған. 2024 жылғы 14 мамырдан бастап, сенімгерлік басқару объектісін қабылдау-тапсыру актісіне сәйкес, үй-жайларды Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ-ға берген.
«Үй-жайларды беру конкурстық негізде жүзеге асырылады. Конкурсқа белгіленген талаптарға сәйкес келетін барлық жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Алайда, «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ-ның ол үй-жайларда бөгде адамдардың заңсыз болуына байланысты, Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасынан қабылданған Алматы қаласы халықаралық әуежайының жолаушылар терминалы үй-жайларының бөлігін пайдалануға мүмкіндігі жоқ», – дейді Алматы әуежайының баспасөз қызметі.