Қазақстандық кәсіпкер Тәтішев пен Сағдиев необанк құрып, инвестициялық қор ашуға инвестиция салды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бұл инвестициялық қор немен айналысады? / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Kusto Group компаниясының иесі және директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев пен инвестициялық банкинг саласында 30 жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер Асхат Сағдиев MOST холдингіне қомақты қаржы салды.

Инвестиция необанк құру, Сингапурда инвестициялық қор ашу және IT-хабтардың ауқымын кеңейту сияқты бірқатар негізгі бастамаларды іске асыруға жұмсалады.

«Курсив» порталына жолданған хабарламада MOST Neobank онлайн платформалар мен кәсіпкерлер үшін қаржылық серіктес болатыны жазылған. IT-бизнес және басқа секторлар үшін қысқамерзімді кепілсіз несиелерге маманданған MOST компаниясы лезде талдау және шешім қабылдау үшін инновациялық технологияларды пайдаланады. Осының нәтижесінде жаңа Data Driven платформасы іске қосылмақ.

«Біздің венчурлық қорлармен жұмыс істеу тәжірибеміз көрсеткендей, барлық стартап іріктеу критерийлерінен өте бермейді немесе ұзақ шешім қабылдау процесіне тап болады. Сонымен қатар барлық қаржы институты IT-компанияларға кепілсіз несие беруге дайын емес», – деп қосты MOST Holding бас директоры Мират Ахметсадықов.

Оның айтуынша, қос кәсіпкер қаржы құйған необанк кәсіпкерлерге даму және инновациялар енгізу үшін қажетті капиталға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оны жасау үшін тек жергілікті ойыншылардың тәжірибесі емес, шетелдік мамандар да тартылмақ.

Сондай-ақ өзінің халықаралық кеңеюінің бір бөлігі ретінде MOST Сингапурда жаңа инвестициялық қорды іске қосуда. Бұл ел әлемдік капитал нарықтарына қолжетімділігі мен портфельді әртараптандыру мүмкіндіктеріне байланысты таңдалды.

Еске салайық, MOST Ventures басқарушы серіктес Әлім Хамитовтың жетекшілігімен қазірдің өзінде АХҚО-да көлемі 5 млн доллар және 30 млн долларды құрайтын екі қор тіркелген.

Еркін Тәтішев – Қазақстандағы 50 ықпалды бизнесменнің бірі, Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы, «Kusto Agro» түпкі бенефициарлық меншік иесі.

Асхат Сағдиев – Москоммерцбанк менеджерлерінің бірі болды – Казкоммерцбанктің ресейлік еншілес ұйымы. Сонымен қатар East Capital, Univer Group директоры, Ресей ұлттық қор нарығы қатысушылары қауымдастығы және РТС биржасының мүшесі болды.

Сондай-ақ оқыңыз