Қырғызстанда «Куликовский» кондитерлік желісі 112 млн теңге айыппұл төлейтін болды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
«Куликовский» 112 млн теңге айыппұл төлейтін болды / Фото: Economist.kg

Қырғызстанда «Куликовский» кондитерлік желісі мерзімі өткен тауарларды дұрыс тастамағаны үшін 112 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы қырғызстандық Economist.kg басылымы жазды.

Өткен аптада компания толыққанды салық тексеруінен өткен. Осы тексеру кезінде 20 млн сом (112 млн теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген. Басты себеп – компания жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарларды тастау кезінде сауда өнеркәсіп палатасы өкілдеріне жүгінбеген. Заң бойынша ведомство өкілі жарамсыз заттарды кәдеге жарату немесе өңдеу, тастау кезінде бақылау жүргізуі қажет.

Компанияның бас директоры Денис Гайворонскийдің айтуынша, тауардың шағын партияларын жою үшін күн сайын ведомство өкілдерін шақырып отыру мүмкін болмаған.

Ведомство болса, өкілдері қадағалау қызметін күнделікті ел аумағында үздіксіз жүргізіп отырғанын, дегенмен «Куликовский» оларға бірде бір рет өтініш білдірмегенін алға тартқан.

Айта кетейік, 3 қыркүйекте Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) «Куликовский» кондитерлік үйінің бас кеңсесінде бухгалтериядан барлық құжатты алып кеткен.

«Куликовский» кондитерлік үйі 1991 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл халықаралық кондитерлік желі Қырғызстан, Ресей және Қазақстанда кеңінен танымал. Біздің елде «Куликовскийдің» фирмалық дүкендері ерекше сұранысқа ие. Кондитерлік үй облыс орталықтарында да кеңінен таралған, ал Алматыда оның 50 дүкені бар.

Сондай-ақ оқыңыз