«1 дихрам»: Telegram басшысы Павел Дуров тергеушілерге өзінің жылдық табысының көлемін айтты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Forbes дүниежүзілік тізімінде Дуров 15,5 млрд доллар байлығымен 127-орында тұр / Фото: kursiv.media архиві

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Францияда жауап алу кезінде тергеушілерге ресми түрде жылына 1 БАӘ дирхам (130 теңге) ғана алатынын мәлімдеді.

Француздық Le Monde басылымы жариялаған ақпаратқа сүйенсек, Дуров тергеушілерге жылына бар болғаны 0,27 доллар алатынын айтқан.

Шетелдік БАҚ- тың жазуынша, Дуров өзін шалқып өмір сүрмейтінін көрсеткісі келген. Алайда оның төмен жалақы туралы айтқаны мультимиллиардер екенін жасыра алмайды делінген ақпаратта.  

Forbes дүниежүзілік тізімінде Дуров 15,5 млрд доллар байлығымен 127-ші орында тұр. Bloomberg оның байлығын 9,07 млрд долларға бағалады. Сондай-ақ Франция басылымы кәсіпкерге Telegram акцияларының негізгі үлесі тиесілі екенін еске салды. Ол наурыз айында Financial Times газетіне берген сұхбатында IPO-ға шығар алдында 30 млрд долларға бағаланғанын айтқан.

Еске сала кетсек, 24 тамыз күні Telegram мессенджерінің иесі – Павел Дуров Париж әуежайында ұсталған болатын. Оны жеке ұшағымен Ле Бурже әуежайына қонған кезде Франция полициясы тұтқындады.

Франция прокуратурасы оған 12 қылмыс бойынша айып тағып отыр. Соның бірі – заңсыз транзакцияларды жүзеге асыру үшін онлайн-платформаны басқаруда ұйымдасқан қылмыстық топ қызметіне қатысу. Сонымен бірге уәкілетті органдардың сұрауы бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты ақпарат немесе құжаттарды беруден бас тарту, ақшаны жылыстату және қылмыскерлерге криптографиялық қызмет көрсету секілді фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Ал 28 тамыз күні Дуров 5 млн еуро кепіл төлеп, бостандыққа шықты.   

6 қыркүйекте Telegram иесі Павел Дуров Франция полициясы қамауға алғаннан кейін, алғаш рет мәлімдеме жасап, Франция билігінің «Telegram платформасы уәкілетті органдардың сұрауы бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты ақпарат немесе құжаттарды беруден бас тартты» деген уәжімен келіспейтінін айтқан.

Француз тарапы Павел Дуров ресейлік өкілдермен байланысқа қызығушылық танытпайтынын жеткізген. Франция іс бойынша материалдарды ұсыну туралы сұраныстан бірнеше рет бас тартқан

Ал Telegram Дуров ұсталғаннан кейін, киберқылмыс туралы тергеу сұрауларына жауап бере бастаған.

Сондай-ақ оқыңыз