Қорғаныс министрлігі Алматыда әскери медициналық академия ашады
Қорғаныс министрлігі Алматы қаласынан Әскери медициналық академия ашуды жоспарлап отыр. Осыған орай, Қазақстан Қарулы күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасы бейінді жоғары оқу орнын құру жобасын әзірлеген. Бұл жайлы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жаңа білім беру мекемесі Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығы базасында құрылады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта жоғары медициналық білім беру және әскери интернатура бағдарламалары бойынша әскери дәрігерлер Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты базасында және Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде даярланады.
Ал жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламасы бойынша «Астана» медициналық университетімен академиялық ұтқырлық шеңберінде ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің әскери медицина кафедрасы мамандар даярлайды.
Одан бөлек халықаралық ынтымақтастық желісі бойынша әскери дәрігерлер Ресей, Өзбекстан, Армения, Қытай және Түркияда оқытылады. Алайда шетелде әскери медициналық білім алу кейде тілдік кедергілерге тап болып жатады екен. Сонымен бірге ұлттық, мәдени айырмашылықтар да білім алуда атарлықтай рөл ойнайды. Сол үшін министрлік өз базасында әскери медициналық академия ашуды жөн санаған.
«Жобаны іске асыру қолда бар мекемелерді қайта ұйымдастыруды, ұйымдастыру шараларын жүргізуді, қажетті инфрақұрылымды, академияның оқу-материалдық базасын құруды, білім беру бағдарламаларын әзірлеуді және лицензия алуды талап етеді», – деп хабарлайды министрлік.
Академия құруға қатысты іс-шаралар қорғаныс ведомствосының мүдделі құрылымдық бөлімшелерімен, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен, «Қазақстан-Ресей медициналық университеті», «Әскери медицина ардагерлері» қоғамдық бірлестігімен ақылдаса отырып жүзеге асырылады.
Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептерде оқу ақысын қымбаттатуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, шілдеде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдан және Астанадан жаңа шетелдік ЖОО-лар ашылатынын хабарлаған болатын. Алматы іргесіндегі Ядролық физика институтының жанынан Оңтүстік Кореяның KAIST озық ғылым және технологиялар институтының филиалы ашылса, 2025 жылы Астанада британдық Кардифф университетінің филиалы жұмыс істей бастайды.
KAIST (Korea Advanced Institute of Science & Technology) университеті электротехника, информатика, машина жасау және инженерия салаларында инновациялық зерттеулер бойынша мамандар әзірлейді. Ал Кардифф университеті 1883 жылы Уэльсте құрылған. Бұл – беделді Russell Group құрамына кіретін Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі саналады.