Мемлекеттік бағалы қағаздары нарығы: Ұлттық банк ноталарына сұраныс азаюда

Жарияланды
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы – бұл мемлекет тарапынан шығарылатын бағалы қағаздармен (облигациялар, вексельдер, қазынашылық міндеттемелер) сауда-саттық жүргізілетін нарық. Мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) елдің ішкі және сыртқы қарызын басқару мақсатында шығарылады және бюджет тапшылығын жабуға, мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға арналған.

Елімізде  МБҚ нарығы жылдан-жылға дамып келе жатыр деп айтуға болады. Қор биржаларында екінші нарық ретінде сауда-саттықтың көп болуы, МБҚ нарығына қаржы институттары мен жеке тұлғалардың белсенді қатысуынан байқауға болады.

МБҚ сенімді актив, себебі оларды мемлекет шығарып, қайтаруға кепілдік береді. Қауіпсіздік деңгейі жоғары болғандықтан, басқа қаржы құралдарымен салыстырғанда табыстылығы әдеттегідей төмендеу болады. МБҚ мерзімділігі қысқамерзімді (1 жылдан кем) және ұзақмерзімді (10-15 жылға дейін) бағалы қағаздар болуы мүмкін.

Мемлекеттік бағалы қағаздарды көбіне институционалдық және жеке инвесторлар, әсіресе, зейнетақы қорлары, банктер және сақтандыру компаниялары секілді ірі ойыншылар үшін тартымды.

Еліміздегі мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы

Қазақстанда мемлекеттік бағалы қағаздарды ҚР Ұлттық банкі, Қаржы министрлігі және жергілікті мунципалды органдар (резидент) шығарады. Олар мерзімі, кірістілігі бойынша әртүрлі болып келеді. Елімізде МБҚ нарығының 20%-ы Ұлттық банкке, қалған 80%  үлесті Қаржы министрлігі мен жергілікті муниципалды басқару орталықтарына тиесілі.

Ұлттық банк ноталары: Бұл орталық банк тарапынан шығарылатын қысқамерзімді бағалы қағаздар. Олар ақша-кредит саясатын жүзеге асыру, банк жүйесіндегі артық өтімділікті реттеу және қаржы нарығындағы инфляциялық қысымды бақылау мақсатында қолданылады. Ноталардың әдетте өтеу мерзімі қысқа болады – бірнеше күннен бастап бір жылға дейін. Бұл оларды қаржы нарығындағы өтімділікті қысқа мерзімді перспективада басқаруға ыңғайлы құрал етеді. Мемлекеттік бағалы қағаздар сияқты, орталық банк ноталары да өте сенімді қаржы құралдары саналады, өйткені оларды орталық банк шығарып, қайтаруға кепілдік береді.

Еуроноталар. Басты ерекшелігі шетелдік валютада шығарылады. Еуроноталар тек еурода емес, басқа да шетел валюталарында шығарылады, мысалы, АҚШ доллары, фунт стерлинг, швейцария франкі және т.б. «Еуро» термині валюта емес, қаржы нарығындағы географиялық және халықаралық сипаттаманы білдіреді.

Бұл еуропалық және халықаралық қаржы нарықтарында айналымға түсетін қысқамерзімді борыштық бағалы қағаздар. Олар әдетте корпоративтік компаниялар, қаржы институттары немесе үкіметтер тарапынан шетелдік валютада шығарылады және халықаралық инвесторлар арасында кең таралған.

Еуроноталардың өтеу мерзімі, әдетте, 1 жылдан аспайды (көбінесе 3 айдан 12 айға дейін). Еуроноталар халықаралық нарықтарда жоғары өтімділікке ие және олармен сауда көбінесе институционалдық инвесторлар арасында жүзеге асады.

МОЕҚАМ. Орта мерзімге қажетті үздік бағалы қағаз деуге болады.  Мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық міндеттемелер (МОЕҚАМ) – бұл ҚР Қаржы министрлігі тарапынан шығарылатын мемлекеттік бағалы қағаздардың бір түрі. МОЕҚАМ орта мерзімді инвестицияларға арналған және мемлекеттік бюджет тапшылығын қаржыландыруға немесе арнайы мақсаттарға қаржы тартуға бағытталған. МОЕҚАМ өтеу мерзімі 1 жылдан 10 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Орта мерзімді сипат оларды инфляция мен пайыздық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. МОЕҚАМ Қазақстан қор биржасында (KASE) саудаланады, сондықтан оларды кез келген уақытта екінші нарықта сатып алу немесе сату мүмкіндігі бар. Бұл оларға жоғары өтімділік береді.

МЕҚҚАМ. Бір жылдық бағалы қағаз. Мемлекеттік қысқа мерзімді қазынашылық міндеттемелер – ҚР Қаржы министрлігі шығаратын қысқамерзімді мемлекеттік бағалы қағаздар. Бұл құрал мемлекеттік бюджет тапшылығын қысқа мерзімде қаржыландыру және ақша ағындарын басқару мақсатында қолданылады. МЕҚҚАМ-ның өтеу мерзімі 3 айдан 1 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұл оларды қысқа мерзімді инвестициялар үшін ыңғайлы етеді.

Мемлекеттік бағалы қағаздар болғандықтан, МЕҚҚАМ-ды инвестициялаудың тәуекел деңгейі өте төмен. Мемлекет олардың қайтарылуына кепілдік береді.

МЕҰҚАМ. Ең ұзақмерзімді мемлекеттік бағалы қағаз. Бұл аса ірі инфрақұрлымдық жобаларды қаржыландыруға, инвестиция тартуға арналған қаржы министрлігінің басты құралдарының бірі. МЕҰҚАМ-ның өтеу мерзімі 10 жылдан 30 жылға дейінгі уақытты қамтиды, бұл оны ұзақ мерзімді инвестициялар үшін тартымды етеді. Мемлекеттік бағалы қағаз  болғандықтан, МЕҰҚАМ-ның қайтарылуына мемлекет кепілдік береді. Бұл құралды өте сенімді және төмен тәуекелді инвестиция ретінде қарастыруға болады.

МЕТИКАМ. Бұл министрліктің ерекеше мемлекеттік бағалы қағазы деп айтуға болады. Мамандандырылған мемлекеттік теңгелік индекстелген қазынашылық міндеттемелер). Бұл міндеттемелер инфляцияға немесе валюта бағамына байланысты индекстеліп, инфляциялық тәуекелді азайту үшін қолданылады. егізгі ерекшелігі – инфляцияға индексациялануы.

МЕТИКАМ инфляция деңгейі жоғары болған жағдайда, нақты құнын жоғалтпайды, себебі оның номиналды құны инфляцияға сәйкес қайта қаралады.

ҰБ ноталарына сұраныс күрт азайды

Соңғы жылдары елімізде ҰБ ноталарынан түскен кіріс көзіне салық салуды талқылауда. Осы уақытқа дейін қаржы институттары салық төлемей келген. Себебі заң бойынша салық көзінен босатылған. Президент те Үкіметттің кеңейтілген отырысында ҰБ ноталарынан түскен кіріске салық енгізуді тапсырған болатын.

Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарын басты сатып алушы ЕДБ. Алайда соңғы жылдары ҰБ бағалы қағаздарына сұраныс күрт азайған.

ҰБ ноталарының алғашқы нарығында да сауда көлемі азайған. 2023 жылы бас банктің бағалы қағаздар нарығының көлемі 32 трлн теңгеге жуықтаса, биылғы жылдың 7 айында 4,5 трлн теңгенің көлемінде қалыптасып отыр.

МБҚ нарығындағы кірістілік қандай?

2024 жылдың тамыз айындағы жағдайға назар аударсақ, тиімді кірістілік көрсеткіші бойынша МБҚ ішінен ең жоғары пайызды ҰБ қысқамерзімді ноталары көрсетті. Оның тиімді кірістілігі -13,95%-ды құрап отыр. Одан кейін Қаржы министрлігі шығарған орта мерзімді МЕОҚАМ кірістілігі -13,76%-ға жеткен. Қаржы министрлігінің өзге бағалы қағаздары 11-12% аралығындағы кірістілікпен сатылуда.

Сондай-ақ оқыңыз