Жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді проблемалық пайдалану көрсеткіші 7%-ден 11%-ға күрт өсті — ДДСҰ

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жасөспірімдердің 12% -ы әлеуметтік медиаға тәуелді / shutterstock.com

Әрбір оныншы жасөспірім әлеуметтік желілер мен компьютердегі ойындарға тәуелді. Осының салдарынан оларда психикалық проблемалар байқалады. Осындай мәлімет келтірген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлеуметтік желілерді пайдалану деңгейі күрт өскенін хабарлады

ДДСҰ жасөспірімдердің онлайн өмірдің зардабына қатысты жаңа деректер ұсынды.  

«Жаңа деректер жасөспірімдер арасында әлеуметтік медианы тиіміз пайдаланудың күрт өскенін көрсетеді. 2018 жылы 7 % болса, 2022 жылы 11%-ға дейін жеткен», – делінген құжатта.

ДДСҰ жасөспірімдердің шамамен 12%-ы компьютердегі ойындарға байланысты психологиялық проблемаларға тап болуы мүмкін екенін хабарлайды. Ұйым сарапшылары мұның бірнеше себебі барын айтады. Мәселен, пайдалану барысында  бақылау жүргізе алмау, әлеуметтік желі үшін өзге маңызды тапсырмалардан бас тарту, шектен тыс қолдану сияқты себептер дәлел екенін атап өтті.

Сондай-ақ ДДСҰ жасөспірімдердің 34%-ы күн сайын компьютердегі ойындардан бас алмайтынын,, ал 22%-ы ата-аналары рұқсат еткен күндері ойынға кемінде төрт сағат жұмсайтынын анықтаған. Жеткіншектердің 68%-ында компьютердегі ойынның салдарынан айтарлықтай проблемалар байқалмаса, 12%-ында керісінше цифрлық ойындар әсерінен мінез-құлықында теріс қылықтар пайда болған.

Айта кетейік, соңғы уақытта ата-аналар чаттарында балалардың киберқауіпсіздігіне назар аударып, олардың телефондарының мазмұнын шұғыл түрде тексеру керек деген хабарламалар тарады. Атап айтқанда, Schoolboy Runaway ойыны көпшіліктің назарына ілікті.

Schoolboy Runaway — бұл ресейлік квест-ойын, мұнда бірінші тұлғадағы стратегия мен шынайы 3D графика қолданылады. Ойыншы нашар баға алғаны үшін ата-анасы жазалаған баланың рөлін ойнайды. Ол ата-анасының әртүрлі тапсырмаларын орындауға мәжбүр болады, бірақ сонымен қатар достарымен ойнағысы келеді. Ойын сюжетінің шынайылығы оны танымал етті. Балалар бастапқыда тапсырмаларды орындауды ұнатса, кейін олардан құтылу үшін үйден қашудың түрлі жолдарын іздейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін 16 қыркүйек күні Алматыда екі оқушы терезеден құлап кетті. Олардың суицид жасағаны болуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше олардың телефондарынан суицидке үгіттейтін ойындар табылмаған.

Сондай-ақ оқыңыз