Бишімбаев Нүкеновтерге 16 млн теңгеге материалдық және моральдық шығынды өтейді

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Бишімбаев Нүкеновтерге 16 млн теңгеге шығынды өтеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Салтанат Нүкенованың туған ағасы Айтбек Амангелдінің түрмеде отырған Қуандық Бишімбаевтан материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіріп алу туралы талап-арызы бойынша шешім шығарды.

«Сот парасаттылық пен әділдік қағидаттарын негізге алып, жақын туысының қайтыс болуы сөзсіз талап қоюшының моральдық жағдайына кері әсерін тигізіп, оның жеке мүліктік емес құқықтарын бұзғанын ескере отырып, талап-арызды ішінара қанағаттандырды», – делінген хабарламада.

Соттың мәліметінше, Қуандық Бишімбаевтан қылмыстық іс бойынша келтірілген 6 877 672 теңге материалдық шығын және 10 млн теңге моральдық зиян үшін өндірілді.

Бұған дейін Нүкенованың отбасы моральдық материалдық шығында құқық қорғаушылармен бірге кеңесіп есептеп шыққан еді.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды. Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.

Мамыр айында Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («қинау») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес кінәлі деп танылды. Ол төрт жыл бойы қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде жазасын өтейді.

Сондай-ақ оқыңыз