Үкімет фермерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдауды 1,4 трлн теңгеге дейін ұлғайтпақшы

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Көктемгі-күзгі дала жұмыстарына жеңілдігі бар қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғаяды / Коллаж: архив kursiv.media 

Қазақстан үкіметі шаруаларға қаржылай қолдау көлемін тағы да көтеруге уәде берді. Енді шаруалар мемлекеттен 1,4 трлн теңгеге дейін көмек ала алады. Бұрын соңды болмаған мұндай рекордтық көрсеткіштегі қаржы көктемгі-күзгі егіс жұмыстарына жұмсалады. Келесі жылдың қаржыландыруын биылдан бастап алуға да болады.

Вице-премьер Серік Жұманғарин Қостанай облысының фермерлерімен кездесуде мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылып отырғанын мәлім етті. Мәселен, көктемгі-күзгі дала жұмыстарына жеңілдігі бар қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Оның шамамен 40%-ы «Даму» қоры арқылы кепілдендіріледі.

«Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке кредиттеу көлемі 100 млрд теңгеден 200 млрд теңгеге дейін өседі. Нәтижесінде жыл сайынғы жұмыстарды қамтамасыз ету үшін фермерлерді қолдау сомасы 900 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Биыл біз 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруды бастаймыз», — деді Серік Жұманғарин.

Фермерлер өңірлерде жаңа жылдың басында біршама қажетті тауарлардың бағасы өсетінін мәлімдеп отыр. Сол себепті вице-премьер «КеңДала» бағдарламасы бойынша көктемгі жұмыстарға қол жетімді қаражатты күзде алуға кеңес берді.

«Үлкен жоба бойынша жеңілдігі бар қаржыландыру көлемін келесі жылға жылдық 2,5% мөлшерлемемен 100 млрд теңгеден 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтып, несиелеу үшін тағы 8 жаңа бағыт қосамыз. Бұл – етті мал шаруашылығы, өнеркәсіптік жылыжай кешендері, жеміс сақтау қоймалары, балық өсіретін балық өңдеу шаруашылықтары, орау өндірісі, терең өңдеу және басқалары», — деп нақтылады  Жұманғарин.

Вице-премьер мемлекеттік қолдау көлемі 1,3 – 1,4 трлн теңгеге дейін жететінін атап өтті.

Айта кетейік, Үкімет егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге рекордтық 580 млрд теңге бөлді.

Бұған дейін министрлік агроөнеркәсіп кешеніндегі 90 жобаға 444,5 млрд теңге жеңілдетінген несие берілетінін хабарлаған еді. Оларға «Агрорлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ және Halyk bank-пен бірлесіп 444,5 млрд теңге сомасына жеңілдетілген қаржы берілмек.

Әсіресе, ет, сүт, астық өңдеу, жылыжай шаруашылығын дамыту салаларына басымдық берілмек. Бұл жобалар мемлекет үшін басым бағыттар бойынша өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік бермек. Аграрлық несие корпорациясында 81,2 млрд теңгенің 43 жобасы, ҚДБ-да 285 млрд теңгеге – 14 жоба, Halyk bank-те 78,3 млрд теңгеге 33 жоба бар. 

Сондай-ақ оқыңыз