Қазақстан Global Innovation Index-2024 рейтингінде Азия елдерінің үздік үштігіне кірді
2024 жылғы 26 қыркүйекте Женевада беделді халықаралық рейтингтің нәтижелері жарияланған 17-ші жыл сайынғы рәсім өтті. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан рейтингте сапалы өсімді көрсетіп, Үндістан мен Ираннан кейін Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің үздік үштігіне кірді. Халықаралық рейтингте Қазақстан 81-орыннан 78-орынға көтерілді. Бұл өсім «Мемлекеттік басқарудың тиімділігі», «Заң үстемдігі», «PISA шкаласы бойынша оқу, математика және жаратылыстану ғылымдары», «Нарықтың дамуы», «Бизнес жүргізу», «Тікелей инвестициялардың таза ағыны, ЖІӨ %» көрсеткіштері бойынша байқалды.
Ең үлкен өсу «Шығармашылық тауарлар мен қызметтер» (93-орыннан 65-орынға), «Ұлттық көркем фильмдер» (61-орыннан 31-орынға) және «Жоғарғы деңгейдегі домендер (TLD)/мың адам» (115-орыннан 80-орынға) саласында болды.
Рейтинг редакторлары Қазақстанның келесі салалар бойынша әлемдегі ТОП-30 ел қатарына кіруін ерекше атап өтті:
- «Онлайн үкімет» – 8-орын;
- «Пайдалы модельдер бойынша шығу тегі/СЖП-ның млрд долларына шаққандағы ЖІӨ» – 10-орын;
- «Электрондық қатысу» – 15-орын;
- «Орта білім беру деңгейіндегі оқушылар мен мұғалімдердің арақатынасы» – 16-орын;
- «Еңбек өнімділігінің өсуі, %» – 30-орын.
2024 жылдың 4 қазанында WIPO қолдауымен Қазақстан Республикасында Азия елдері үшін Global Innovation Index 2024 есебін жариялау жөніндегі аймақтық рәсім алғаш рет өтеді. Іс-шараға Азия елдерінің инновациялар министрлері, патенттік ведомстволардың басшылары, сондай-ақ дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысады.
Айта кетейік, 2007 жылдан бері Global Innovation Index (WIPO) 133 елдің 80 бағыттағы көрсеткіштерін бағалай отырып, инновациялардың экономика мен өндірістің өсуіне ықпалын растап келеді. Бұл рейтинг жаңа инновациялық стратегияларды әзірлеу үшін маңызды индикатор қызметін атқарады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан Moody’ s халықаралық рейтинг агенттігі бойынша ел тарихындағы ең жоғары рейтингке ие болған еді.