Ұлытау облысында заңсыз марганец өндіріліп жатқанын ғарыштан түсірілген фотосурет анықтап берді

Жарияланды
Тергеу барысында карьер орналасқан жер телімінің кенішті игеру мақсатында пайдалануға берілмегені анықталды /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы мониторинг агенттігі Ұлытау облысында марганец кенін өз бетінше өндіріп, оны заңдастыруға ұмтылған адамды анықтады. Бір қызығы, бұл заңсыз әрекет «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ ұсынған аэроғарыштық фотосурет арқылы расталып отыр. Қазір бұл іс бойынша, тергеу жұмыстары аяқталып, сотқа жіберілген.

Күдікті 2020-2023 жылдар аралығында «Шығыс» деп аталатын карьерде марганец кенін өндіріп, ел ішіне де, шетелге шығарып та сатып келген. Алайда құзырлы органдардан алған құжаттары болмаған. Тергеу барысында карьер орналасқан жер телімінің кенішті игеру мақсатында пайдалануға берілмегені анықталып, еш жерде тіркелмеген болып шықты.

Сонымен қатар күдікті жалған шот-фактуралар рәсімдеп, заңсыз өндірген марганец кенін «заңдастыруға» ұмтылыпты.

Агенттіктің есебінше, күдіктінің мемлекетке келтірген шығынының көлемі 1 млрд теңге болған. Ол осы уақытқа дейін құны 3 млрд теңге болатын 16 мың тонна кен өндіріп үлгерген.  

Қазір оның дүние-мүліктеріне бұғат салынған. Олардың жалпы құны – 337 млн теңге.

Қаржы мониторинг агенттігінің хабарлауынша, заң бойынша бұдан басқа ақпарат таратылмайды.

Марганец кені өнеркәсіптің түрлі салаларында қолданылады. Атап айтқанда, металлургия, химия, керамика, шыны, сондай-ақ фармацевтика өндірісінде қолданылады.

Сондай-ақ оқыңыз