Қатарлық инвесторлар «Самұрық-Қазына» қорының тағы екі компаниясының акцияларын сатып алды. Олар кремний өндірумен айналысады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
«Самұрық-Қазына» 55% үлесін 4,9 млрд теңгеге сатты / Архив: kursiv.media

«Самұрық-Қазына» қоры тамыз айының соңында Tau-Ken Temir және Silicon Mining еншілес компанияларының 55% үлесін қатарлық Metaleen Investments Holdings LLC компаниясына 4,9 млрд теңгеге сатты. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы алаңында жарияланған қордың есебінде жазылған.

«Қор еншілес компанияларына бақылауды жоғалтты және қалған 45% үлесті қауымдасқан компанияларға инвестициялайды. Қауымдасқан компанияларға салынған инвестициялардың әділ құнын бағалау 2024 жылы аяқталады», – деп жазылған компания қаржылық есебінде.

Silicon Mining компаниясы Қарағанды ​​облысындағы Ақтас кен орнында кварц өндірумен айналысады. Алынған шикізат Қарағанды ​​қаласындағы Tau-Ken Temir серіктестігіне қарасты металлургиялық кремний шығаратын зауытқа тасымалданады.

2024 жылдың қаңтар-маусым айларында«Самұрық-Қазына» қорының таза пайдасы 20,6%-ға өсіп, 1,43 трлн теңгені құрады. Екінші тоқсандағы табысы 25%-ға немесе 726,8 млрд теңгеге дейін өскен. 

Еске сала кетсек, «Самұрық-Қазына» қоры «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын салып жатқан GPC Investment компаниясын QazaqGaz-ға берді.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» Қатардың Power International Holding холдингіне «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ны сататынын хабарлаған. Ол Tele2 және ALTEL брендтеріне иелік етеді. Үшжақты келісімге тараптар Қазақстан Президентінің Қатарға ресми сапары шеңберінде қол қойған.  

Сондай-ақ оқыңыз