KEGOC таза пайдасының 64 пайызын дивиденд ретінде төлеуі мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
KEGOC қанша дивиденд төлейді / Фото: shutterstock

Ұлттық электр жүйесінің операторы – KEGOC компаниясы акционерлеріне 2024 жылдың І жартыжылдығы үшін 22,7 млрд теңге төлеуді жоспарлап отыр. Бұл – компанияның 6 айғы табысының 64 пайызы. Яғни бір жай акцияға 82,40 теңге дивиденд төленбек.

Компания қаржы есебі мен дивиденд көлемін акционерлер 11 қазанда өтетін жалпы жиналыста бекітеді.

«Акционерлердің жалпы жиналысында оң шешім қабылданған жағдайда, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында KEGOC акционерлеріне 22,7 млрд теңге сомасында таза пайданың 64,5%-ы бөлінетін болады, яғни бұл бір жай акцияға 82,40 теңгені құрайды», – делінген хабарламада.

Ұлттық оператордың аудиттелген қаржы есебіне сәйкес, 2024 жылдың алты айында KEGOC таза кірісі 35,2 млрд теңгені құраған. Бұл 2023 жылдың І жарты жылдығымен салыстырғанда 53%-ға жоғары. Былтыр 6 айда компания 23,0 млрд теңге таза пайда тапқан.

KEGOC жылына екі рет, таза пайдасының кем дегенде 60% дивиденд төлеуге жұмсайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша KEGOC акционерлерге таза пайданың 97%-ын, яғни 4 42,1 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеген. Бұл бір жай акцияға шаққанда 157,24 теңгені құрады.

«KEGOC» акционерлік қоғамы — Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің операторы. 2024 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша компанияның негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ. Қор ұлттық оператордың 85% акциясына иелік етеді. «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстан Республикасы Үкіметінің бақылауында.

Акциялардың 15 пайызы 2014 және 2023 жылдары «Қазақстан қор биржасы» мен Астана халықаралық биржасында орналастырған. Соның 6,87 пайызын БЖЗҚ сатып алған. Қалған бөлігі жеке акционерлердің қолында.

Сондай-ақ оқыңыз