Қазақстанның Қытайға астық экспорты соңғы үш жылда 6 есеге жуық өскен

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі

Қазақстан Қытайға қанша астық экспорттап отыр? Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған мәліметке қарасақ, соңғы үш жылда экспорт шамамен 6 есе өскен. Жалпы еліміз астықты қайта өңдеу өнімдерінен 2,3 есеге көп жөнелтетін болып шықты.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл сегіз ай ішінде елімізде астықтың теміржол тасымалы 5,4 млн тоннадан асқан, оның ішінде 4,2 млн тонна экспортталды. 

Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жыл басынан бастап 582 маршруттық пойызбен астық жөнелтілгенін хабарлайды. Атап айтқанда, 551 экспресс-пойыз астық жүктерін Қытайға, Түркменстанға, Иранға, Ресейге, Өзбекстанға жеткізген. Жалпы  соңғы үш жылда ҚХР-ға астық жүктерінің экспорты 5,7 есе өсті.

«Сондай-ақ 2,3 млн тонна астық өңдеу өнімдері тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,4%-ға артық. Қайта өңдеу өнімдерінің экспорты 20%-ға 1,8 млн тоннаға дейін, ал ішкі тасымалдар 9%-ға 500 мың тоннаға дейін өсті», –делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, қыркүйекте Ақтау порты арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау үш есеге, 90 мың тоннаға дейін ұлғайған. Ведомство қазан айында 212 мың тоннаға дейін тасымалдау жоспарын қойып отыр.

Бүгінде Қазақстан астық пен оны қайта өңдеу өнімдерін Орталық Азия, Ауғанстан, Иран және Қытай елдеріне жөнелтеді.

Айта кетейік, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шілде айында Қазақстанға жасаған сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Қытайға жылына 2 млн тоннаға дейін астық жеткізуге әлеуеті жететін мәлімдеген еді. Әсіресе, ет өнімдерін, майлы және дәнді-дақылдар эскпортын ұлғайтуға мүдделі екенін де айтқан.

Ал Қытай тарапы Алматы облысында қуаттылығы жылына 300 000 тонна болатын астықты терең өңдейтін зауыт салуды көздеп отыр. Жоба еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында жүзеге асырылып жатыр. Жаңа зауыт мальтозалық шырын, фруктозалық шырын, кристалды фруктоза, аллюлоза, кристалды дектроза, натрий глюканаты және басқа да өнімдер шығаратын болады. Жалпы құны – 1,87 млрд доллар болатын бұл жобаға CITIC Construction компаниясы 1,07 млрд долларға жуық инвестиция құймақшы.

Сондай-ақ оқыңыз