Назарбаевтың еңбегі зор: Тоқаев экс-президенттің Түркістан облысының көркеюіне қосқан үлесі туралы айтты

Жарияланды
Тоқаев Назарбаевтың
Тоқаев Назарбаевтың Түркістан қаласына сіңірген еңбегі жайлы айтты / Фото: Ақорда; Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің көркейе түсуіне Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпал еткенін айтты. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, президент сапар барысында Түркістан облысының жұртшылығымен кездесіп, қалада жаңадан бой көтерген «Достық үйінің» жұмысымен танысқан.

Бұл кешен Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен салынған болатын. Кешенде «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан.

Президент қасиетті өңірге арнайы ат басын бұрғанын, қаланың соңғы жылдары көркейе түскеніне тоқталып, қала көркі, облыс келбеті болашақта жандана түсетінін атап өткен.

«Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер. Түркістан облысында 50 ұлт өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Қазақстанда ешқашан фобия болған емес, болмайды да. Біз – бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бастысы – осы. Сондықтан ынтымағы жарасқан қоғамның іргесін әлі де бекіте түсеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге мемлекет басшысы Түркістанның көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударып, бұл ретте облыс мәртебесін берген еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өткен.

Өз кезегінде өңір халқы да Түркістан облысқа айналған соң, оң өзгерістер болып жатқаны, өңір инфрақұрылымы дамып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан тиісті деңгейде қамқорлық жасалып жатқанын ерекше атап өткен. Сонымен берге мемлекет басшысына өңірді көркейтуге қатысты іс-шараларды жүзеге асыруға басымдық бергені үшін алғысын білдірген.

Сондай-ақ оқыңыз