S&P Global Қазақстанның мұнай-газ саласындағы түйткілдерге байланысты ЖІӨ өсімі баяулайды деп болжады
S&P Global Қазақстанның мұнай-газ саласындағы түйткілдер туралы сараптама жария етті. Оған сенсек, Теңіздегі жобалардың кешеуілдеуі мұнай өндірісінің көрсеткіштеріне кері әсер етіп отыр. Десе де, оның орнын Қашаған арқылы толтыруға болады. Ол үшін Қашағанға қатысты Қазақстан үкіметі мен инвесторлар арасындағы дау оңтайлы шешімін табуы тиіс.
Материалда мұнай-газ саласының Қазақстан экономикасы үшін өмірлік маңызы бар екені сөз болады. Өйткені, 2022 жылы экпорттың жалпы көлемінің 50%-ы, салық түсімдерінің 30 пайызы осы салаға тиесілі.
S&P Global болжамынша, 2024 жылдың аяғына қарай елдің ЖІӨ өсімі саябырсиды деп күтіліп отыр. Бұған Теңіз бен Қашағандағы жоспарлы қызмет көрсетуі, ОПЕК квотасы түрткі болмақ.
Оның үстіне, 2025 жылға дейін әрекет ететін ОПЕК көлемін өтеу жоспары Қазақстандағы кеңейту жобаларын тұсаулауы ықтимал. Демек, жалпы мұнай өндіру көлемі жыл соңына қарай 98,2 млн тоннаға (720 млн баррель) жетуі ықтимал. Бұл 2023 жылға қарағанда 4,94%-ға артық.
Елдегі ең ірі мұнай экспортты желісі – Каспий құбыр консорциумы. Оның өткізу қабілеті – жылына 72,5 млн тонна. 2023 жылы Новороссийск маңындағы теңіз терминалына 56,1 млн тонна мұнай тасымалдаған. Бұл елдің жалпы көлемінің 80,1%-ы. Жеткізілген шикі мұнай Қазақстаның ең ірі кеніштері – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан түсіп отыр.
Теңіз кенішіндегі жобалар неге кешігіп жатыр?
Теңіз кеніші 2023 жылы 30 млн тонна шикізат өндірген. Ол – елдегі ең ірі өндіруші әрі КҚК құбырының ең ірі жеткізушісі. 2016 жылы «Теңізшевройл» компаниясы 2022 жылға қарай жылына 39 млн тонна мұнай өндіруді мақсат етті. Ол үшін Теңіз кен орнын болашақ кеңейту жобасына және Сағалық қысымды басқару жобасына 36,8 млрд АҚШ доллары көлемінде бастапқы инвестиция салу жария етілген-ді.
«Алайда Сағалық қысымды басқару жобасы сәуір айында ғана қосылды. Ал болашақ кеңейту жобасы 2025 жылдың екінші тоқсанында бітеді деп күтіліп отыр. Олар COVID-19-ға байланысты кешеуілдеген. Індет құрылысқа және жеткізу тізбектеріне әсер еткен. Оның үстіне, жобаның басты қиындығы – нысандардың шалғайда орналасуы», – деп жазды S&P Global.
Экономикалық қырынан алғанда, жобаның соңғы құны 47 млрд АҚШ доллары болуы ықтимал. Бұл бастапты бюджеттен 27%-ға артық.
Бұл түйткіл ЖІӨ-ге ықпал етеді
Теңіздегі өндірісті жылына 39 млн тоннаға жеткізу межесі 2027 жылға шегеріліп отыр. Бұл көлемнің 12 млн тоннасы болашақ кеңейту жобасынан алынады. Мұны S&P Global Commodity Insights бағалауы көрсеткен. Кешеуілдеу жобаны іске қосуды 2024 жылдан 2025 жылға жылжытпақ.
Демек, Қазақстан 2024-2026 жылдар аралығында шикі мұнайды 7 млн тоннаға аз өндіруі мүмкін. Ал жоба 2024 жылы іске қосылса, елдегі мұнай өндіру жылына 7,7%-ға өсе түспек. Сонда, 2022 және 2023 жылдардағы кезеңнен 6,8%-ға артады.
S&P Global тұжырымынша, жобаның кешеуілдеуі 2024 жылы Қазақстан ЖІӨ-сінің өсуін баяулатпақ.
Қашаған бұған тосқауыл бола ала ма?
Сараптамада мұның да шешімін көрсетіпті. Автордың пікірінше, ықтимал шешім – Қашағанда мұнай өндіруді арттыру.
Қашаған кенішін North Caspian Operating Company, халықаралық мұнай-газ компанияларының консорциумы және қазақстандық «ҚазМұнайГаз» пайдаланып отыр. Қазір ол 20 млн тонна мұнай өндіреді. Өндірісті 22 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
«Ақпан айында мемлекеттік қазақтың газ компаниясы QazaqGaz бен Qatar UCC Holdings Қашағанда екі газөңдейтін зауыт салу жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Бірінің қуаттылығы – жылына 1 млрд текше метр болса, екіншісі 2,5 млрд текше метр. Олар 2026-2029 жыл аралығында аяқталуы тиіс. QazaqGaz бас директоры Санжар Жаркешовтың айтуынша, бұл әрбір жылына 1 млрд текше метр өңделген газ Қашағандағы мұнай өндіру қуатын жылына 1,17 млн тоннаға арттырады», – деп жазылған сараптамада.
Commodity Insights сарапшыларының пікірінше, бұл зауыттар бекітілген мерзімде іске қосылса, Қашаған 2026 жылдан 2030 жылға дейін қосымша 10,6 млн тонна мұнай өндіретін болады. Бұл Теңіздегі жобаның кесірінен өндірістің қысқаруының орнын толтыра алады.
QazaqGaz газын өңдеу жобасы Қашағанның қуаттылығын арттыра ма?
NCOC қазір Қазақстан үкіметімен дауласып жатыр. Ол жалпы шығындарға қатысты туындап отыр. Арбитражды шешім консорциумға 150 млрд АҚШ доллары көлемінде салмақ салуы ықтимал.
ExxonMobil компаниясы мен «ҚазақМұнайГаз» Теңіз кенішінің 45% үлесіне ие. Аталған жобаның кешігуіне байланысты олар 2026 жылы 3,2 млн тоннадай аз өндіруі мүмкін.
«Бұл компаниялардың NCOC-тағы үлесі – 33,7% . Сондықтан олар осы дауға қатысты Қазақстан үкіметімен келіссөздерді жеңілдету үшін консорциумға ықпал ете алушы еді. Әсіресе Qazaqgaz жоспарын қолдауды ескергенде. Нәтижеге қол жеткізілсе, екі компания 2030 жылдарға қарай қосымша 3,6 млн тонна шикі мұнай өндіре алады», – деп болжам жасайды S&P Global.
Басылымның пікірінше, Qazaqgaz өңдеу қуаттылығын арттыруға ниетті. 2029 жылға қарай 3,5 млрд текше метрге жеткізбек. Десе де, тазартылған газды кері айдау Қазақстанның ішкі газ нарығына жағымсыз әсер етуі ықтимал. 2025-2029 жылдар аралығында тапшылыққа ұшырауы мүмкін.
Түйіннің шешімі қандай?
S&P Global пікірінше, мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасының діңгегі болып отыр. Экспорт және салық түсіміне қомақты үлес қосып келеді.
«Теңіз жобасының кешеуілдеуінің эконимикалық салдары бар. Қашаған кеніші мұның өміршең шешім болуы ықтимал. Ол үшін Qazaqgaz газ өңдейтін зауыттары мақұлданып, құрылысы дер кезінде аяқталуы тиіс», – деп топшыланған сараптамада.
S&P Global Қазақстан үкіметі мен NCOC арасындағы даудың шешімі тұрақты экономикалық өсім үшін маңызға ие екеніне тоқталып отыр.
«Өйткені, техникалық, саяси және экономикалық түйткілдердің шешімі – Қазақстанның мұнай-газдың әлемдік нарығындағы позициясын сақтап қалудың кілті», – делінген сараптамада.