Алматыда үш жаңа мұражай пайда болады: олардың құрылысы 2025 жылы басталады
2025 жылы Алматыда үш жаңа мұражай құрылысы басталады. Қалада жаңа мұражайлардың пайда болатыны жайлы «Курсив» редакциясы анықтады.
Атап айтқанда, шаһарда Боралдай қорғандарындағы сақ мәдениеті орталығы, Райымбек батыр кесенесі жанындағы Қазақ батырлары тарихы мұражайы және бұрынғы Верненский обсерваториясының ғимаратында мұражайлар пайда болады.
Бұл жобалар негізінен 2016-2017 жылдары жүзеге асырылуы қажет болған. Алайда жоба бірнеше жылдар бойы кейінге шегеріліп келген. Алматы қаласы Мұражайлар қауымдастығының директоры Ләззат Сағындықованың айтуынша, талай жылдан бері жүзеге асырылмай келген жобалардың құрылысы 2025 жылы басталады. Сол мақсатта жобалық сметалық құжаттама әзірленіп те қойған.
«Бізде осы үш мұражайдың алдын ала жобалары мен жобалық-сметалық құжаттары бар. Олар да мемлекеттік сараптамадан өтті. Бұл жұмыстармен қалалық құрылыс басқармасы айналысады. Ал біз тұжырымдаманы әзірлеп, көрмелерді жоспарлап жатырмыз», – дейді қауымдастық өкілі.
Қауымдастық басшысының айтуынша, соңғы екі жылда қалада мұражайға келетіндер саны артқан. Мәселен, 2022 жылы мәдениет мекемелеріне 82 мың, 2023 жылы 161 мың адам билет сатып алған. Ал биылғы жылдың сегіз айында мұражайларға 120 мың адам келген екен.
«Қала мұражайлары бірегей мәдени-тарихи көрмелерімен, туристік өнімді қалыптастыруда шешуші рөл атқарады», – дейді Алматы Туризм бюросының басшысы Камилла Лұқпанова.
Сонымен бірге мұражайға баратындар үшін арнайы бірегей билет жобасы іске қосылған. Оған сәйкес, бір адам бір билет алып, мұражайлар қауымдастығына кіретін 8 мұражайға кіре алады. Бұл әр мұражайға жеке билет сатып алуға қарағанда 40 пайызға тиімдірек.
Ал биылғы жылдың қаңтар айынан бастап, мектеп оқушылары үшін Алматы мұражайларына кіру тегін. Бірінші жартыжылдықта мәдени орталыққа 60 мыңнан астам оқушы келген.
Айта кетейік, Алматыда Алматы мұражайы, Ықлас халық музыкалық аспаптар мұражайы, Д.А.Қонаев мұражайы, Н.Тілендиев атындағы мемориалдық мұражай, С.Мұқанов және Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби-мемориалдық мұражай кешені, Райымбек батырдың мұражай кешені, А.Байтұрсынұлының мұражай-үйі және дәстүрлі музыка мультимедиялық орталығы бар.