Геннадий Головкин прокуратурамен бірлесіп, спорт саласындағы жемқорлықпен күреседі

Жарияланды (жаңартылды )
Головкин
Геннадий Головкин Бас прокуратурамен келісімге келді / Фото: Бас прокуратура

Бас прокуратура мен Ұлттық Олимпиада комитеті дене шынықтыру және спорт саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл жайлы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Прокуратура баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бас прокурор Берік Асылов пен Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин арнайы келісімге қол қойған. Бұл келісімнің мақсаты – спорт саласындағы заңдылықты нығайту, бюджет қаражатын ұрлау мен басқа да қылмыстардың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен бірге келісім аясында жастар арасында кең тараған нашақорлықтың алдын алу көзделіп отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде біз уәкілетті органмен бірлесе отырып, кәсіпқой спорттағы өзекті мәселелерді шешуді және осы саладағы заңнаманы жаңартуды қамтамасыз етуіміз керек», – деп атап өткен Асылов.

Бұл меморандум тараптардың өзара белсенді ақпарат алмасып, іс-қимыл жүргізуіне және бірлескен талдау жұмыстарын, түрлі жобалар жүргізуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында көрнекті спортшыларды тәрбиелеу және құзырлы органдарда спортты танымал ету ету үшін тиісті шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Айта кетейік, жақында Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясының (World Boxing) жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалған болатын.

Бұл қызметте Головкин Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз ынтымақтастық орнатып, боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтау және World Boxing ұйымының ХОК-та мойындалуы үшін жұмыс істейді.

World Boxing мәліметінше, Геннадий Головкиннің кандидатурасы бірінші болып мақұлданған.

Анықтама үшін: World Boxing — 2023 жылдың сәуірінде құрылған Халықаралық бокс федерациясы. Қазіргі уақытта оның құрамында әлемнің 44 елінің ұлттық федерациялары бар.

Сондай-ақ оқыңыз