ЕуроОдақ әуе компанияларына Ливан мен Израиль аумағының үстінен ұшпауға кеңес берді

Жарияланды
ЕО компанияларға Ливан мен Израиль жағына қарай ұшақ жібермеуге кеңес берді/ архив kursiv.media

Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі әуе компанияларын қазан айының соңына дейін Ливан мен Израиль үстінен ұшудан бас тартуға шақырды. Бұл елдердің әуе кеңістігі қауіпсіз жағдайда емес.

 «Әуе шабуылдарының үдеуі мен қауіпсіздік жағдайының нашарлауы Израиль мен Ливандағы әуе кеңістігінің қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуде», – деді Еуропалық Одақтың авиациялық реттеушісі EASA мәлімдемесінде.

EASA ұсынымның қазан айының соңына дейін жарамды екенін, бірақ бұл шектеу уақытынан бұрын алынып тасталуы мүмкін екенін ескертті. Агенттік Еуроодақ әуе кемелерінің операторларына жағдайды мұқият бақылауда ұстайтынын хабарлады.

Тамыз айында Францияның Air France, Біріккен Араб Әмірліктерінің Etihad Airways және Грекияның Aegean Airlines әуе компаниялары Тель-Авив қаласына баратын және одан келетін рейстерді тоқтатты. Одан кейін де Израильдің «Хезболламен» соғысы күшейді.

23 қыркүйекте Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты әуе компаниялары рейстерді тоқтатуды ұйғарды. Lufthansa Group 14 қазанға дейін Тель-Авив пен Тегеранға қатынауды тоқтатты. Air India, KLM және Ryanair сияқты тасымалдаушылар да Тель-Авивке ұшақ жіберуді доғарды. Алжирдің Air Algerie және Польшаның LOT компаниялары Ливанға ұшатын рейстерді шегерді.

Ливандағы саяси және әлеуметтік жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты осы елдегі Қазақстан елшілігі отандастарымызды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз