Қазақстанда 100 жастан асқан 423 адам бар: 114 жастағы ең қарт әжей Ұлытауда тұрады
Қазақстанда жасы 100-ден асқан 423 адам бар. Ал ең қарт адам Ұлытау облысында тұрады екен. Биыл кейуана 114 жылдығын тойлаған. Бұл деректерді Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі ұсынды.
Министрліктің мәліметінше, ең көп өмір сүретіндер негізінен еліміздің оңтүстік өңірінде тұрады. Соның ішінде Түркістан облысы 100 жасаған азаматтардың саны бойынша көш бастайды. Бұл өңірде жүзден асқан 64 адам бар екен.
Ең ұзақ өмір сүрушілер саны көп екінші аймақ – Алматы қаласы. Шаһарда 100 жастан асқан 48 адам тұрады. Үшінші орында Алматы облысы тұр. Бұл өңірде жүз жасаған 38 адам бар.
Ал ең қарт адамдар бойынша көш бастайтын Ұлытау облысы екені айтылды. Одан кейінгі орында Павлодар облысы тұр. Онда 112 жастағы кейуана тұрады. Үшінші орында Түркістан облысы, онда 110 жастағы қария өмір сүреді.
Айта кетейік, ертең қарттар күні атап өтілмек. 1 қазан Халықаралық қарттар күні боп бекітілген. Бұл мереке 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 45 сессиясында халықаралық мереке ретінде жарияланды.
«Оны өткізудің басты мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және тану, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігіне назар аудару, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету»,– делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік БЖЗҚ болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстанда қарттар көбейіп, халық саны 26,5 млн адамға жетеді. Қазақстанда «демографиялық қарттық» тіркеліп, әр алтыншы адамның жасы 60-тан жоғары болады. Базалық сценарий бойынша халық саны 24,7 млн адам шамасында болады. Салыстырар болсақ, БҰҰ болжамынша 2050 жылы Қазақстан халқының саны 25,7 млн адамға жетеді.