Қазақстанда ішкі сауда нысандарын жаңғыртуға 4 млрд теңге жұмсалады

Жарияланды
коллаж kursiv.media

Мемлекет ішкі сауда орындарын дамытуға бет бұруда. Республикалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінген. Бұл бағдарламаға үш мегаполис – Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы кәсіпкерлік нысандары қатыса алмайды.

Несие ресурстарын кәсіпкерлер мына мақсатта жұмсауға тиіс:

  • Базарларды жаңғыру,
  • Сауда нысандарын салу, кеңейту, реконструкциялау;
  • Үй жанынан дүкен салу;
  • IT бағдарламалар жасау.

Облыс орталықтарында жүзеге асыратын жеке кәсіпкерге берілетін қаражат көлемі – 3 млрд теңгеге дейін. Ал моноқалалар мен ауылдардағы саудагерлерге берілетін ең көп сома – 1,5 млрд теңге.

Инвестициялық мақсаттарға арналған жобаларды субсидиялау 5 жылға дейін болса, айналым қаражатын толықтыру үшін демеуқаржы 3 жылға дейін төленеді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнесті жүргізу мәселелері бойынша өзгерістермен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 06 сәуірдегі заңы негізінде  Сауда және интеграция министрлігіне сауда қызметі субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну құзыреті берілді. Заңды іске асыру үшін  жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары қабылданды, мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың нақты тетігі мен шарттары айқындалды. Республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен ішкі саудадағы жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету үшін республикалық бюджеттен 2024 жылға 4 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды», – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.

Қолдау шаралары 2 түрлі тәсіл арқылы көрсетіледі:

  • Несие мөлшерлемесін субсидиялау,
  • Несиеге кепіл болу.

«Несиеге кепіл жетпеген жағдайда ішкі сауда нысандары осы бағдарламаның «несиеге кепіл болу» тетігін қолдана алады. Жұмыс істеп тұрған субъектілер үшін – 50% дейін, жұмысын енді бастаған, құрылғанына 3 жыл толмаған нысандар үшін кредит сомасының 85%-ына дейін несиеге кепіл болады. Мемлекеттік қолдау шаралары «Даму» қоры арқылы жүзеге асады», – делінген Сауда және интеграция министрлігі сайтында.

Осы ретте ішкі сауда субъектілеріне де талап қойылады. Олар сауда сөресінің 20%-ына отандық азық-түлік өнімдерін қоюы керек. Жалпы ережеде «сөренің 30 пайызы отандық өнімдермен толығуы керек» деген талап бар. Отандық азық-түлік өнімдерін өндушілердің үлесі сонда 50 пайызға жетеді. Сондай-ақ ішкі сауда субъектісі сауда сөресінің тағы 20 пайызын отандық азық-түлік емес өнімдерімен толықтыруға тиіс.

Шілде айында Сауда және интеграция министрлігі кәсіпкерлерге сауда объектілерінің құрылысына әрі инфрақұрылымды жетілдіруге жәрдемдесетінін хабарлады. Министрлік соңғы бес жылда алғаш рет шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсынды. 

Екі жылдың ішінде Қазақстанда 115 базар жаңғыртылуға тиіс. Әзірге бұл жұмыс 16 базарда ғана жүріп жатыр. Сауда комитеті 2025 жылы бірден 99 сауда нысандарын жаңартуға уәде беріп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз