Ұрып-соғу немесе баспалдақтан құлау. Омбудсмен Петропавлда ауыр жарақат алған 4 жасар бүлдіршіннің ісіне қатысты мәліметтерді жариялады
Петропавлдағы ауруханалардың біріне 4 жасар бала дене жарақаттарымен түсті. Анасы бұл жағдайға қамқоршылық органдарын кінәлап отыр. Мекеме өкілдері ұлын ұрлап әкеткенімен қоймай, денсаулығына айтарлықтай зиян келтірді деген петропавлдық тұрғын әлеуметтік желіде бейнеүндеу жасады. Солтүстік Қазақстандағы жағдайға қатысты балалар омбудсмені Динара Зәкиева да пікір білдірді.
Мәселенің мән-жайы…
Демалыс күндері Виктория Щукина есімді азаматшаның әлеуметтік желіде жариялаған видеосы қоғамда қызу талқыға түсті. Өзін екі баланың анасымын деп таныстырған келіншектің сөзінше, 4 жастағы үлкен ұлы баспалдақтан құлап, ауруханаға түскен. Алайда тексеру кезінде дәрігерлер баланы ұрып-соққан деген шешімге келген.
«Қазақстан азаматтары, сіздерден көмек сұраймын. Менен балаларымды тартып алып жатыр. Менің кенже ұлым жазатайым оқиғаға тап болды. Ол баспалдақтан құлап, денесінің көп жері көгеріп, қолы сынды. Алайда хирург баланы соққыға жыққан деп отыр. Баланы мен ұрды деп айыптап отыр», – деді ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әйел жалғыз өзі екі бала тәрбиелеп отырғанын айтады. Сөзіне сенсек, ол кенже ұлымен ауруханада жатқанда, қамқоршылық органдары оның үлкен баласын ұрлап кеткен.
«Менің үлкен ұлымды ұрлап кетті. Ал екінші балам екеумізді қамқоршылық органдары күштеп ауруханада ұстады. Мен қолхат жазып, ол жерден қашып шығуға мәжбүр болдым. Мен жалғызбасты анамын. Отбасымды сақтап қалуға көмектессеңіздер екен. Қамқоршылық органдарынан қашып, жасырынуға тура келді», – деді Виктория Щукина.
Балалар омбудсмені Динара Зәкиева оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Зәкиеваның мәлімдеуінше, 23 қыркүйекте төрт жасар бала ауруханаға «оң жақ білектің екі сүйегінің жабық сынуы, кеуде, арқа, жамбас және тізе буындарының, жыныс мүшесінің көгеруі» диагнозымен түскен. Алайда дәрігерлер алған жарақаттар құлау нәтижесінен пайда болмағанын, бұл зорлық-зомбылықтың салдарынан болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
» Қылмыстық кодекстің 107-бабы 8-тармағына сәйкес (Кәмелетке толмаған балаға қатысты денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру) қылмыстық іс қозғалды. Әйелдің үлкен ұлы балаларды қолдау орталығына орналастырылды, ал анасы кіші ұлын өзімен бірге алып, ауруханадан қашып кеткен. Бірнеше күннен кейін олар табылып, бала қайтадан ауруханаға жатқызылды», – деп жазды Зәкиева.
Динара Зәкиеваның айтуынша, тергеу кезінде анасы ПД қаулысымен баланың мүддесін қорғаудан шеттетілген. Сондай-ақ омбудсмен баланың фотосуретін де жариялап, денсінде сау-тамтық жер қалмағанын жазды.
Еске салсақ, осыған дейін Динара Закиева Түркістан облысындағы жантүршігерлік жағдайларға қатысты да мәлімдеме жасаған болатын. Закиеваның мәліметінше, Келес ауданында 13 жастағы қыз бала зорлық-зомбылық нәтижесінде жүкті болып қалған. Сонымен қатар Төле би ауданындағы мектепте төрт оқушы үйде ұрып-соғылатындығын айтса, Сайрам ауданында қыз суицид жасауға тырысқан. Закиева көтерген мәселелер бойынша аймақ әкімшілігі жұмыс бастады, ал тексеріс нәтижелері хаттамаға енгізіліп, орындалуы бақылауға алынатынын айтты.