Үкіметтің сағатты ауыстыру жөніндегі шешіміне қарсы шығып, сотқа берген азаматтың шағымы кері қайтарылды
Үкіметтің сағатты ауыстыру жөніндегі шешімін сотқа берген азаматтың шағымы кері қайтарылды. Бұл жайлы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметі хабарлады.
«Сағатты» ауыстыру туралы шешімге берілген шағым қайтарылды,- делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, А. есімді азамат Қазақстан Республикасының Үкіметіне, нақты айтқанда, Сауда және интеграция министрлігіне шағым түсірген.
Онда шағымданушы «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы № 1749 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Үкіметтің 2024 жылғы 19 қаңтардағы қаулысын заңсыз деп тануды сұраған.
Сонымен бірге азамат А. үкімет жанындағы жұмыс тобының 2024 жылғы 2 тамыздағы «уақытты қайтарайық» петициясын қанағаттандырудан және ақпаратқа қол жеткізуден бас тарту туралы шешіміне де қарсылығын білдірген.
Одан бөлек бұл шешімге қатысты шыққан:
3) 2024 жылғы 1 тамыздағы жауапты;
4) 2024 жылғы 27 тамыздағы жауапты заңсыз деп тану жөнінде шағымданған.
Алайда сот талап қоюшының бастапқыда мәлімдеген талаптары әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралмайтынын хабарлады.
Осыған байланысты сот шағым түсірген азаматқа өз талаптарын нақтылау құқығын түсіндіріп, талаптардың мәнін өзгертуді яғни, орытынды шешімді және тиісті жауапкерді көрсетуді ұсынған.
Алайда сот белгілеген мерзімде сотқа әкімшілік талапты нақтылау немесе толықтыру туралы өтініш түспеген.
«Сондықтан, талап қоюшы өз құқығын пайдаланбай, талаптарды нақтыламауына өзгертпеді байланысты талап қою қайтарылды»,- делінген хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енбеген.
Еске сала кетсек, қазақстандықтар уақыт белдеуін ауыстыруға қарсылық білдірген қазақстандықтар петиция жариялаған болатын. 60 мыңнан астам адам қол қойған бұл петицияны Сауда және интеграция министрлігі қабылдаудан бас тартты. Министрліктің мәліметінше, UTC+5 уақыт белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігінде табиғи циклге барынша жақын стандартты уақыт белдеуі.
Ал Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның бұрынғы уақыт белдеуіне көшу мәселесі тек 3 жылдан кейін ғана қарастырылатынын айтқан болатын.