Мұрат Байменов Орал қаласына жаңа әкім болып тағайындалды
ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Мұрат Болатұлы Байменов Орал қаласының әкімі болып тағайындалды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, әкім лауазымына кандидатура ұсынды. Депутаттар оны қолдады.
Мұрат Болатұлы көп жылдар бойы Орал қаласында және облысымызға қарасты аудандарда жұмыс істеді. Барлық мәселелермен таныс. Ең бастысы, қала тұрғындары оны жақсы біледі. Жинақталған тәжірибесі мен білімі оған қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында өзінің әлеуетін іске асыруға көмектеседі деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Нариман Төреғалиев жаңа әкімнің алдына облыс орталығының инфрақұрылымын дамытуды жалғастыру бойынша бірқатар міндеттер қойды.
Айта кетейік, Мұрат Байменов 1969 жылы дүниеге келген. Әр жылдары БҚО қаржы басқармасы бастығының орынбасары, Шыңғырлау және Зеленов ауданы әкімдерінің орынбасары, БҚО әкімі аппаратының экономикалық талдау, ішкі бақылау және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің меңгерушісі, БҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары, «Жайық жылу қуат» АҚ бас директоры қызметтерін атқарған.
2020 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Еске сала кетейік, бұған дейін ауызсу тапшылығы мәселесіне тап болған Ақтау қаласында да әкім ауысқан еді. Президент Әкімшілігінің келісімімен қала басшысы қызметіне Әбілқайыр Жаңайұлы Байпақов тағайындалған.