Оңтүстік Корея Қазақстан азаматтарына заңды жұмыс істеуіне рұқсат бермек

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Оңтүстік Корея Қазақстанды заңды жұмыс жүйесіне енгізбек / фото: архив kursiv.media

Оңтүстік Корея Қазақстан азаматтарына заңды жұмыс істеуіне рұқсат бермек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Оңтүстік Кореяға жұмыс сапары аясында Корея Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек министрлігінің өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанды Оңтүстік Кореядағы Employment Permit System (бұдан әрі – EPS) еңбекке рұқсат беру жүйесіне енгізу мәселелерін талқылады.

«Қазақстан мигранттардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау үшін құқықтық базаны одан әрі жақсартуға бағытталған бірқатар кешенді шаралар қабылдады. Атап айтқанда, Алматы қаласында Корея Республикасында жұмыс істегісі келетін Қазақстан Республикасының азаматтарын кәсіптік және тілдік даярлау бойынша көпсалалы орталық ашылғалы жатыр», – деді Асқарбек Ертаев.

Оның айтуынша, Қазақстанның еңбек министрлігі елдегі ішкі істер министрлігімен бірлесіп заңсыз көші-қонның жолын кесуге бағытталған шараларды күшейтіп жатыр.

«Келіссөздер қорытындысы бойынша Корея Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек министрлігінің өкілдері Қазақстанды EPS жүйесіне қосу туралы ниетін тағы да растады, бұл Қазақстан азаматтарына жасалған еңбек шарттары шеңберінде Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады еңбек министрлігі.

Осыған дейін Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеуді қалайтын қазақстандықтарға арналған арнайы бағдарлама дайындалғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз