Кейбір шенеуніктерге кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат берілмек: олар жылжымайтын мүлкін жалға беріп табыс таба алады

Жарияланды
Можно ли чиновникам в Казахстане иметь бизнес
Мәжілісте шенеуніктерге кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат беруді көздейтін заң нормасы қаралып жатыр / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Мәжілісте шенеуніктерге кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат беретін нормалар талқыланып жатыр. Өзгеріс енгізілсе, шенеуніктерге өздеріне тиесілі мүлікті жалға беру арқылы немесе басқа да мемлекет мүддесіне қайшы келмейтін кәсіп түрімен айналысып табыс таба алады. Жобаны депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мемлекеттік шенеуніктер арасындағы жемқорлық тәуекелдерін азайтуды көздейді.

Конституциялық сот мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуына тыйым салу туралы нормаларды конституцияға қайшы деп таныған.

«Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына сәйкес, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігі құқығын шектеуді белгілеу бөлігінде Конституцияның 26-бабының 4-тармағына және 39-бабының 1-тармағына сәйкес келмейді деп танылды. Яғни мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген адамдарға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға мүмкіндік беріледі»,- дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, кәсіпкерлікпен республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде мемктептерде, аурурханаларда басқару функцияларын жүзеге асыратын адамдар айналыса алады. Олар:

  • бірінші басшылар;
  • басшылардың орынбасарлары;
  • бас бухгалтерлер;
  • мемлекеттік сатып алу департаментінің басшылары;
  • филиалдардың басшылары.

Сонымени бірге заң нормасында мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген адамдарға кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым сақталатын қызметкерлер санаты да бар.

«Өкілеттігін тұрақты негізде жүргізетін аумақтық сайлау комиссияларының мүшелеріне,, бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын Ұлттық банктің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілеріне, қызметінің стратегиялық бағытына байланысты ұлттық холдингтердегі және ұлттық компаниялардағы басқарушыларға кәсіппен айналысуға тыйым сақталады»,- дейді агенттік өкілі.

Ал ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтің қатардағы қызметкерлері заңмен тыйым салынбаған кез-келген кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқылы. Сарқұловтың айтуынша, олар мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілмеген.

Депутат Нұртай Сабильянов бұл өзгерістер лауазымды тұлғалар арасында өкілеттігін теріс пайдаланып, жемқорлық тәуекелдерін арттыра түсуі мүмкін екенін айтты.

«Бұл жемқорлықтың артуына әкеп, бәсекелестікке кері әсерін тигізуі мүмкін. Осы мәселеге қатысты не айтасыз?»- деп сұрады Сабильянов.

Сарқұлов мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген адамдарға да кей тұстарда кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынатынын айтты. Үш жағдайда шенеуніктер кәсіпкерлікпен айналыса алмайды. Біріншіден, тиісті қызмет олардың лауазымдық міндеттерін орындауға кедергі келтірсе, екіншіден, кәсіпкерлік қызметінде қызметтік мүлікті пайдалануға жол берсе, үшіншіден, лауазымдық міндеттеме мүдделер қақтығысына алып келсе, олар кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды.

Бұл талаптар бұзылса, жауапкершіліқ қарастырылған. Ал талаптардың бұзылған немесе бұзылмағанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қадағалап отырады.

«Біз мұндай фактілерді анықтап отырамыз. Оны орындауға қатысты құзыреттілігіміз де бар. Сонымен бірге барлық жетекшілерден сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды орындау талап етіледі. Егер, мұндай адамдардың қатысуымен бюджетке қандай да бір зиян келсе, қылмыстық іс қозғалады»,- дейді Сарқұлов.

Сонымен бірге агенттік өкілі егер заң күшіне енсе, үкімет мүшелерінің басқа саяси қызметшілермен қатар өздеріне тиесілі үй-жайларды жалға беріп табыс таба алатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз