Қазақстан 140 млрд теңгеге Ресейден жеті тікұшақ сатып алады

Жарияланды
Қазақстан Ресейден жеті тікұшақ сатып алады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан 140 млрд теңгеге Ресейден жеті тікұшақ сатып алады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі kursiv.media-ның ресми сауалына берген жауабында айтылған.

Министрліктің мәліметінше, төтенше жағдай кезінде қызмет көрсететін тікұшақтарды сатып алу үшін республикалық бюджеттен 140 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ сатып алу жоспарланып отырған тікұшақтар Ресей мемлекетінде шығарылады.

Сатып алынған тікұшақтар оның ішінде К-32 тікұшағы Астана, Алматы,  Ақтау, Атырау қалаларында қызмет көрсетсе, МИ-8 тікұшағы Алматы, Семей, Өскемен қалаларында кезекшілікте тұратын болады.

Қажет болған жағдайда тікұшақтар басқа өңірлердегі ТЖ-ның алдын алу және жою жұмыстарына да жұмылдырылатын болады.

Сонымен қатар тікұшақтан бөлек, Төтенше жағдай министрлігі Чехиядан 4 ұшақ сатып алмақшы.

«Сатып алу жоспарланып отырған ұшақтар Чехия мемлекетінде шығарылады. Лизингтік қаржыландыру аясында республикалық бюджет есебінен 30 млрд астам теңгеге 4 бірлік ұшақ сатып алынады», – делінген хабарламада.

Чехияда шығарылатын L-410 ұшағы оңтүстік, солтүстік, шығыс және батыс принципі бойынша Астана, Алматы, Өскемен, Атырау қалаларында қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Air Astana Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер жіберу үшін Boeing ұшақтарына тапсырыс берген.

Сондай-ақ оқыңыз