Тоқаев Бишімбаев сотына қатысты пікір білдірді

Жарияланды
Бұл судьялар мен прокурорлардың жұмысына деген талаптарды күшейтеді / Фото: Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мемлект басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен судьялардың ІХ съезінде Қуандық Бишімбаевтың сотының онлай көрсетілуіне қатысты пікір білдірді. Президенттің сөзіне қарағанда, бұл – сот жүйесіне деген сенімді арттыра түседі.

«Биыл сот отырыстары онлайн көрсетіле бастады. Бұрынғы министр Бишімбаевтың және Қарағандыдағы жедел жәрдем жүргізушісіне қол көтеру ісі бойынша екі сот өтті. Миллиондаған көрермен сол уақытта процесті онлайн көріп отырды», – деді Президент.

Тоқаевтың пікірінше, бұл – жақсы үрдіс. Азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырады. Бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған. Бұл судьялар мен прокурорлардың жұмысына деген талаптарды күшейтеді. Өйткені олардың бүкіл әрекетін барлық азамат бақылап отырады.  

Президенттің айтуынша, бұл жаңашылдық жастардың заңгерлердің жұмысымен танысып, қызығушылығының артуына әкеледі және тікелей көрсетілімдер азаматтардың құқықтық сауатының артуына, заң үстемдігінің орнауына түрткі болмақ.

«2 сот процесі көрсетілді және сот жүйесінің ашықтығының арқасында миллиондаған адам сол сәттерді бақылай алуға мүмкіндік алды. Бұл жағдай азаматтарымызға үлкен сенім тудырады.  Бұл – бұрын болмаған жаңашылдық», – деді Тоқаев Астанада өтіп жатқан судьялардың IX съезінде.

Президенттің пайымынша, судьялар мен прокурорларға талап күшейе түскен. Олардың әрекетін елдегі барлық азамат ашық көре алады. Бұл онлайн сот процесінің тағы бір ұтымды тұсы екенін айтады.

«Жастар арасында да заңгерлік мамандыққа сұраныс артып келеді.  Бұл біздің қоғам үшін өте маңызды.  Өйткені, жас ұрпақ шынымен де осындай жоғары білікті судья бола алатынын көре алады. Сот процестерін онлайн өткізу азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырады, заңдылық пен әділеттілікті нығайтады»,- деді Президент

Тоқаев судьяларды іріктеу мен біліктілігіне ерекше назар аудару керектігін еске салды. 

«Бұл істерді қарау үшін маңызды, құқықтың үстемдігін ғана емес, сонымен бірге сот төрелігін жүзеге асыру сапасын да қамтамасыз ету қажет. Сондықтан бізге жоғары білікті адал кадрлар қажет,»- деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев судьялар үшін жаңа Этикалық кодекстің қабылдануын қолдады.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды. Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын. 

Мамыр айында Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («қинау») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыз