Мысыр елі Қазақстанның батысында қонақүйлер мен курорттық аймақ салуды көздейді
Мысыр елі Қазақстанның Батыс аймағында қонақүйлер мен демалыс орындарын салуы мүмкін. Қазақстанның Мысырдағы елшісі Қайрат Лама Шариф Мысыр Араб Республикасының Туризм және көне ескерткіштер министрі Шериф Фатхи Али Аттыямен кездесуінде белгілі болды. СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қос тарап бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселесін талқылаған.
«Мысырлық тараптың жоғары дамыған туристік және құрылыс салаларын ескере отырып, еліміздің курортық аймақтарда, әсіресе, батыс өңірлерде инфақұрылымдық әлеуетті арттыру, қонақүй, шипажайларды салу үшін мысырлық серіктестерді тарту мәселелері кеңінен талқыланды. Осы ретте бірқатар мысырлық компаниялармен тиісті келіссөздер жүргізілуде», – делінген хабарламада.
Екі тарап Мысыр жерінде қыпшақ мәмлүктері салған 150-ден астам көне ескерткіштерді бірлесіп сақтап қалу жайында сөз қозғады. Жоба Мысырдың әл-Мансур университетінің мәмлүктанушы ғалымдарымен көмегімен жүзеге асады. Қыпшақ мәмлүктері дәуіріне жататын маңызды тарихи ескерткіштер мен мәдени жерлерді аралау бойынша туристердің жол картасын жасалатыны да айтылды.
Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр компанияларын цифрландыру саласында инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырған болатын.
Еске сала кетсек, мамыр айының басында Қазақстан мен Мысыр арасындағы рейстер саны аптасына 12-ден 48-ге дейін артатыны хабарланды. Екі жақты келісімге сәйкес елдер арасындағы тасымалдаушылардың саны да артады. Мәселен, қазақстандық тарап қолданыстағы Air Astana және SCAT тасымалдаушыларының қатарына Fly Aystan әуе компаниясы да қосылған. Бұдан былай осы компания да екі ел арасында тұрақты рейстерді орындайтын болады. Ал Мысыр тарапынан екі ел арасында қатынайтын EgyptAir, EgyprAirCargo және Air Cairo тасымалдаушыларының қатарына RedSea және Nile Air әуе компаниялары қосылды.