2025 жылы 460 мың балаға арналған 217 мектеп салу жоспарланған – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтап, оларға алғыс айтты. Мемлекет басшысы елде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 217 мектеп салу жоспарланғанын атап өтті.
Тоқаев бұл шараның үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге бағытталғанын ескерте кетті. Бұдан бөлек, жыл сайын мыңдаған мектептерде жөндеу жұмыстары жүріп, білім беру ғимараттарының сапасын жақсартуға байланысты жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
«Биыл отандық мектептердің оқушылары халықаралық олимпиадалардан 360-тан астам медаль жеңіп алды. Бұл – ұстаздарымыздың жанкешті еңбегі мен кәсібилігінің жемісі», – деді президент.
Президент елде білім сапасын жақсарту үшін салада көшбасшыларды іріктеу жүріп жатқанына тоқталды. Осы жоба аясында 134 педагог мектеп директоры бола алғанын атап өтті.
«Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1800 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл – өте жақсы үрдіс», – деді мемлекет басшысы.
Сөзін қорытындылай келе президент барша ұстаздарды мерекемен құттықтап, ел болашағы үшін аянбай еңбек етіп жатқандарына алғыс айтты.
Осыған дейін қазақстандық мұғалімдердің жалақысы туралы материал жариялаған едік.