7,8 млн қазақстандық АЭС құрылысы бойынша рефрендумда өз таңдауын жасады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
АЭС салуға қатысты рефрендумда 63,87% сайлаушы дауыс берді / Фото: архив kursiv.media 

Бүгін, 6 қазанда, Қазақстанда өткен АЭС салу бойынша референдумда ел азаматтарының 63,87%-ы дауыс берді. 7 820 918 сайлаушы рефрендум учаскелеріне барып, АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымдарын жеткізді.  Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман дауыс берудің соңғы сағатындағы деректерді жариялады.

Саяси науқанда Қызылорда облысының тұрғындарының белсенділігі жоғары болған. Аталған өңірдің 82,48 %-ы рефрендумға қатысқан. Түркістан облысының халқы да маңызды шешім қабылдауда қалыс қалмады, мұндағы өңір азаматтарының 75,31%-ы дауыс берген. Үздік үштікті 75,11 %-бен Ақтөбе облысының сайлаушылары түйіндеді. Ал Алматы қаласының белсенділігі керісінше ең төмен көрсеткішті көрсетті, Оңтүстік астана жұртының тек 25,39%-ы өз таңдауын жасау үшін референдум учаскесіне барған.

Мұхтар Ерман учаскелік референдум комиссиялары дауыстарды санауға кіріскенін еске салды.

Ал Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров барлық референдум учаскесінде дауыс беру аяқталғанын мәлім етті.

«ҚР-дағы барлық референдум учаскесінде дауыс беру аяқталды. Учаскелік комиссия дауыстарды санауға кірісті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, референдум учаскелеріндегі дауыстарды санау уақыты дауыстарды санау басталған сәттен 12 сағаттан аспауы тиіс. Аумақтық комиссиялар ертең таңертең Орталық референдум комиссиясын байланыстың электронды арналары арқылы дауыс берудің алдын ала қорытындысы мен санақ нәтижесін хабарлайды», – деді Константин Петров.

Айта кетейік, кешкі сағат 20.00-де референдум учаскелері жұмысын аяқтады. Осылайша АЭС салу бойынша референдумда дауыс беру ресми түрде тоқтатылды.

Елде 84 учаскеде дауыс беру таңғы сағат 6:00-де басталды. Референдум бюллетенінде бір ғана сауал болды:

— Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?

Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдады:

— «Иә, келісемін» немесе «Жоқ, келіспеймін».

Сондай-ақ оқыңыз