Ресей өсімдік карантині бойынша Қазақстаннан қауын тасуға тыйым салды

Жарияланды
коллаж: kursiv.media

Ресей енді Қазақстаннан қауын тасуға тыйым салды. Россельхознадзор ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне 2024 жылдың 7 қазанынан бастап жаңа піскен қауындарға (Қазақстаннан шыққан) фитосанитариялық сертификат беруді тоқтатуды сұрады.

Бұған кейінгі екі жылда Қазақстаннан жеткізілген қауындарда карантиндік объект – қауын шыбыны (Myiopardalis pardalina) бірнеше рет анықталғаны себеп болды деп түсіндірген. Егер осы зиянкес Ресей аумағына тарап кетсе, аталған мекеме шығын 250 млн рубльге дейін жетеді деп есептеген.

Россельхознадзор қазан айында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігіне Ресей Федерациясына экспортталатын астық, қызанақ, бұрыш және күнбағыс тұқымдарын қабылдамайтынын мәлімдеді.

Ресей тарапының Қазақстаннан тасымалданатын өнімдерге фитосанитариялық сертификат беруді тоқтатуына байланысты Ауыл шарушылығы министрлігі «Россельхознадзорға» сұрау жіберген. Бұл жайлы Сенат отырысынан кейін өткен брифинг барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы айтты. «Экспорттау кезінде біздің тарапымыздан ешқандай бұзушылықтар анықталған жоқ»,- деді ол.

Осыған орай журналист Ресей қабылдаған шешімге Қазақстанның бидай импортына тыйым салуы қаншалықты әсер еткенін сұрады.

«Біз бұл жағдайдың ол тыйыммен еш байланысы жоқ деп есептейміз. Айтып отырмын ғой, оны түсіну үшін Ресей тарапынан тиісті жауап келуі қажет»,- деді Кенжеханұлы.

Ал мұның алдында үкімет Ресейден келетін астық көлемінің елдің ішкі және сыртқы нарығына қысым көрсете бастауына байланысты бидай импортына тыйым салған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз