Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі «Қазақмыс» шахтасында екі жұмысшы қайтыс болды
«Қазақмыс» корпорациясының Қарағанды облысындағы «Саяқ-3» шахтасында екі жұмысшы қайтыс болды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сүйенсек, «Саяқ-3» шахтасында көміртегі газы бөлініп, жұмысшылар эвакуациясы басталған. Қайғылы оқиға кезінде 2 жұмысшы қайтыс болған.
«Зардап шеккендер жақын жердегі медициналық мекемелерге жеткізілді. Өкінішке қарай, екі жұмысшы қайтыс болды», – делінген компания хабарламасында.
Қазіргі таңда оқиғаға байланысты ішкі тергеу басталып, қайғылы жағдайдың себептерін анықтау үшін комиссия құрылған.
Компания өкілдері қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, оларға қолдау көрсетілетінін айта кетті.
«Қазақмыс» корпорациясы – 70% және 30% «Kazakhmys Copper» арқылы Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі.
Еске сала кетсек, бұған дейін корпорацияның жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарт талабын бұзғаны туралы жазған едік.