Қытай астанасында өткен ITF J300 BEIJING 2024 CHINA OPEN турнирінде Қазақстандық жас теннисші Әмір Омарханов жеңіске жетті. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Федерацияның мәліметінше, 18 жасқа дейінгі Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемдік юниорлар рейтингінде 15-орында тұрған Әмір Омарханов финалда британдық Оливер Бондингті (ITF Juniors рейтингінде 19-орын) жеңді. Алғашқы сет тай-брейкпен Оливердің еншісінде қалса да, кейінгі екі партияда Әмір басымдық танытып, 6:0, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бұл – қазақстандық спортшының ITF Juniors сериясындағы жеке разрядтағы алтыншы жеңісі. Бұған дейін Қарағанды теннис мектебінің түлегі Таиландта (J300), Кореяда (J300), Египетте (J100), Грузияда (J60) және өз туған қаласы Қарағандыда (J60) жеңімпаз атанған еді.
Бейжіңдегі жеңісінің арқасында Әмір жаңартылған ITF юниорлар әлемдік рейтингінде үздік ондық қатарына енді.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлемнің үздік теннисшілері Алматыда өтетін турнирге қатысатыны туралы жазған едік. Биыл Алматы қаласында 13-20 қазан аралығында алғаш рет Almaty OPEN турнирі өтеді.