Қазақстан 2023 жылы алтын қорын толықтырған 10 елдің қатарына енді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қай елдің алтын қоры көп / Фото: shutterstock

Қазақстан 2023 жылы алтын қорын көбейткен 10 елдің қатарына енді. 2023 жылы әлем елдерінің орталық банктері 1037 тонна алтын сатып алған.

«РБК-Инвестиция» басылымының жазуынша, Орталық банктердің былтыр сатып алған алтыны – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Соңғы 10 жылда алтын сатып алуды арттырған елдердің көш басында Ресей келеді. 2013-2023 жылдар аралығында көрші мемлекет 1298 тонна алтын сатып алған.

Бұл жылдары Қытай да алтын қорын біршама толықтырған. Аспан асты елі 1181 тонна алтын сатып алды. Үшінші орында – Түркия. Бұл елдің алтын қоры 424 тонна алтынға толыққан.

Жоғарыда аталған 3 мемлекеттен бөлек, Польша (+256) және Үндістан (+246), Өзбекстан (+154), Қазақстан (+151), Сингапур (+103), Ирак (+100), және Таиланд (+92) қарқынды түрде алтын сатып алып жатыр.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің есебі бойынша Қазақстанның алтын қоры 295 тонна болса, алтын-валюта резервіндегі алтынның үлесі – 55%.

Әлемдік геосаяси жағдайдың одан әрі шиеленісе түсуі мен қаржы нарығының құбылуы алтынға деген сұранысты одан әрі күшейтіп отыр.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің сауалнамасына сәйкес, Орталық банктердің шамамен үштен бірі (29%) келер жылы алтын қорын ұлғайтуға ниетті.

«Орталық банктердің алтын-валюта резервін арттыруы қаржы нарығындағы алаң көңіл, нақты айтқанда дағдарыс қатерінің жоғарылауы және инфляциямен байланысты», – делінген WGS зертеуінде.

Қай елде алтын қоры көп?

Алтын қоры бойынша әлем елдері арасында бірінші орында АҚШ тұр. Бұл елдің алтын қоры 8133,5 тоннаға тең. Алтын-валюта қорында қымбат металл үлесі – 72,4%. АҚШ әлемде алтын қоры бойынша да көш бастап тұр.

Германия — Еуропа елдері арасында алтын коры бойынша рекорд орнатқан мемлекет. Бұл елдің алтын қоры 3351,5 тоннаға тең. Алтын-валюта қорындағы алтын үлесі — 71,5%.

Алтын қоры бойынша үздік үштікті Италия түйіндейді. Бұл мемлекеттің орталық банкі 2451,8 тонна алтын жинаған. Алтын-валюта қорындағы үлесі – 68,3%.

Ал Францияның алтын қоры 2436,8 тоннаға тең. Алтын-валюта резервіндегі алтынның үлесі 69,9%-ды құрайды. Францияның алтын қоры 2009 жылдан бері өзгеріссіз келеді. Сол кезде мемлекет өз алтын қорының бір бөлігін сатқан.

Ресей алтын қоры бойынша 5 орында тұр. Ресей алтын қорының құны $179,6 млрд болса, салмағы – 2335,9 тонна.

Сонымен қатар Қытай (2264,3 тонна), Швейцария (1040 тонна), Жапония (1040 тонна), Үндістан (840,8 тонна) мен Нидерланды (612,5 тонна) мемлекеттері алтын қоры бойынша үздік ондыққа енеді.

Өткен айда әлемдік нарықта алтын бағасы қымбаттауын жалғастырып, бір унциясы үшін 2,7 мың долларды құраған. Қымбат металл бағасы 1 айда 6%-ға жуық өсті.

Сондай-ақ оқыңыз