«Венчурлік ойлау жүйесі»: Стэнфорд университеті профессорының бестселлері қазақ тілінде жарық көрді
Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев және технологиялар мен цифрлық стратегия бойынша кеңесші Алекс Дангтың бірлесіп жазған «Венчурлік ойлау жүйесі» атты бестселлері қазақ тіліне аударылды.
Кітапта инвесторлар мен кәсіпкерлерге бизнесті табысты трансформациялау жолында дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін тоғыз қағида көрсетілген. Авторлар Amazon және McKinsey секілді компаниялардағы венчурлық капиталистердің ойлау жүйесі мен механизмдері табысты бизнес құруға қалай ықпал ететінін көп жылдар бойы зерттеген.
«Венчурлік ойлау жүйесі: саналы түрде бәс тігу арқылы орасан зор табысқа қалай жетуге болады» кітабы BYB capital мен «Сәби» қорының негізін қалаушылары Кенес Рақышев, Әсел Тасмағамбетова және басқарушы серіктес Асқар Білісбековтің қатысуымен өтті. Кітап солардың қолдауымен жарық көрді. Іс-шараға сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев те қатысты.
«Венчурлық нарыққа біз үлкен мән беріп отырмыз, сондықтан министрлік ретінде осы экожүйенің дамуына жақсы жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Біз әлі де көптеген жұмыстарды реттеу, ынталандыру және жаңа институционалдық инвесторларды тарту арқылы атқаруымыз қажет. Бұл маңызды бастамалар осы саланы ілгерілетуге бағытталады», – деді министр.
Сондай-ақ Жаслан Мәдиев презентация барысында үш ұсыныс айтты. Біріншіден, ол Digital Nomads қауымдастығын қазақ тілінде техникалық әдебиетті дамытуға белсене қатысуға шақырды. Министрдің айтуынша, шетелдік технологиялық компанияларда жұмыс істейтін қазақстандық мамандар техникалық терминдерді дұрыс аударып, оларды қазақ тіліне бейімдеуде айтарлықтай үлес қоса алады.
Екінші ұсынысы – венчурлық инвестицияларды дамыту бойынша кеңес құру. Бұл кеңес венчурлық инвесторлар, мемлекет өкілдері, қаржы секторы, стартаптар мен қорлар, сондай-ақ өңір елдерінің өкілдерінің қатысуымен жыл сайын жиналыстар өткізуі керек. Министр бұл шараның Алматыда өтетін Орталық Азия венчурлық форумының алдында дәстүрлі іс-шараға айналатынын айтты.
Үшінші ұсыныс Astana Hub инфрақұрылымын техникалық әдебиетті танымал ету үшін пайдалануды ұсынды. «Бізде өңірлерде 15 хаб бар, оларды бұл материалдарды университеттер арқылы тарату үшін қолдануға болады», – деді министр.
Кітапты қазақ тіліне аудару идеясын BYB capital басқарушы серіктесі Асқар Білісбеков ұсынды.
«Біз қазақтілді аудиторияның венчурлік салаға қызығушылық танытып жұмыс істегісі келетінін көріп отырмыз, бірақ қазақ тілінде мұндай ақпарат жетіспеушілігінен ол мүмкін болмай отыр. Біздің бастамамыз тек стартапшылар мен кәсіпкерлерге ғана емес, жалпы көпшілікке де мүмкіндік береді», – деді Білісбеков.
Сондай-ақ Mazmundama жобасының авторы Шыңғыс Мұқанның айтуынша, бұл кітап алғашқы болып қазақ және корей тілдеріне ғана аударылды.
Кітап Mazmundama баспасынан таралымы 2000 данамен шықты. Бестселлер МЕЛОМАН және KITAPAL дүкендері мен KASPI.KZ және FLIP.KZ маркетплейстерінде сатылымға шықты.