Ресей мен Қытай теріс бұрылды: Қазақстан бидайын қайда сатады?

Жарияланды
Биыл Қазақстан 7 айда Қытайға 438,2 мың тонна астық жөнелткен/ Фото: kursiv.media мұрағаты

Үкімет бүгін экспортқа астық шығаруды арттыру мүмкіндігін тағы да бір мәрте пысықтады. Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен егін жинау бойынша жедел штаб отырысында Қазақстан бидайды негізінен Қытайдың шекаралас және орталық провинцияларына жеткізетіні, Қазақстанның арпасы мен жемшөбі Қытайға экспортталатыны айтылды.

Десе де қазір қазақ бидайын экспорттау мәселесінде түйткілдер аз емес. Ресей жақында Қазақстан бидайынан бас тартты. Қытай да тамыз айында елімізден келетін астыққа шекарасын жапқан. Әзірге басты сенімді өткізу көзі – Орталық Азия елдері болып тұр. Оның үстіне, қазақ бидайының көлемі де жыл сайын азайып келеді.

Қытай неге қазақ бидайынан бас тартты?

Жедел штаб отырысын қорытындылай отырып, вице-министр Серік Жұманғарин Қытайға 2 млн тонна астық жеткізу міндеті тұрғанын, бірақ оның көлемін 3 млн тоннаға дейін арттыруға еліміздің қауқары бар екенін айтты.

Қазақстандық бидай негізінен Қытайдың шекаралық және орталық провинцияларына жеткізіледі. Өйткені онда баж салығы жоқ.  Ішкі Қытайға жеткізуге 65% баж салығы салынады. Ал арпа және басқа да жемшөп дақылдары ірі дайындаушы компаниялар үшін бүкіл Қытай бойынша экспортталады.

Шынтуайтында, Қазақстан бидайының негізгі тұтынушылардың бірі Қытай екені мәлім. 7 тамызда Қытай Қазақстан импортын тоқтатқан. Министрліктің мәліметінше, бұған Қытайдың кедені ҚХР-ның Бонд аймақтарында тіркелген қытай тұтынушылары үшін астық импортына шектеу қоюы түрткі болып отыр. Қытайға бидай импорты негізінен мемлекеттік COFCO компаниясына берілетін квоталар шеңберінде жүзеге асырылады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлеметінше, Қазақстан астық экспорты бойынша Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұған қарамастан, министрлік Қытайға жыл сайынғы жеткізілім артып келе жатқанын алға тартып отыр.

«Мәселен, 2023 жылы 7 айында экспорт 315,3 мың тоннаға жетті. Биылғы жылдың 7 айында ҚХР-ға экспорт 438,2 мың тонна болды», – деп хабарлайды министрлік.

Ішкі сұранысты толтыру үшін Ресейден қанша бидай әкелінеді?

23 қыркүйекте Ресей Қазақстаннан келетін бірқатар ауыл шаруашылық өнімдеріне фитосанитарлық сертификат беруді доғарды. Оның ішінде бидай да бар. Ал Қазақстанның барлық импортының 99,9%-ы Ресей Федерациясына тиесілі болып отыр. 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанға бидайдың негізгі импорты Ресей Федерациясынан келген. Құны 342 млн доллар болатын 1 450 мың тонна астық әкелінген.

Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы мәліметтері бойынша, 356,9 млн АҚШ долларына бағаланған 2,6 млн тонна бидай импортталған. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44,4% артық (1,8 млн тонна, 356,8 млн АҚШ доллары).

2024 жылдың қаңтар-шілде айларында бидай импорты (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 1001) 343 млн долларға бағаланған. Көлемі – 1 455 мың тонна. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда табиғи көрсеткіш бойынша 5,4% артық (1 380 мың тонна, 223,4 млн доллар).

Бидай неге азайып жатыр?

Қазақстан бидай өндіруден он төртінші орын алады. Бірақ соңғы кездері экспорт көлемі едеуір азайған. Өйткені өндірілетін бидай көлемі де кеміп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрінің дерегінше, астық өндірісі алдыңғы жылмен салыстырғанда 22%-ға азайған (2022 жылы – 22,0 млн тонна, 2023 жылы – 17,1 млн тонна). Ауыл шаруашылығы министрлігі мұны ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып отыр.  

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, 2022 жылы 7,4 млн тонна дәнді дақылдар экспортталған. Оның ішінде жұмсақ бидай – 6,3 млн тонна. 2023 жылы 8,7 млн тонна (7,1 млн тонна) астық шетке шығара алған. Биылғы жылдың 6 ай қорытындысы бойынша небәрі 3 млн тонна (2,3 млн тонна) шығарыпты.

Бидай тағы қандай елдерге экспортталады?

Орталық Азия елдері (Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан), сондай-ақ Ауғанстан қазақстандық бидайды өткізудің дәстүрлі нарықтары болып отыр. Каспий теңізі арқылы Иран, Әзірбайжанға бидай мен арпа жеткізіледі. Сондай-ақ Ресей аумағы арқылы Әзірбайжан, Грузияға жеткізілімдер бар.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаровтың айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдеріне 2,9 млн тонна, Қытайға – 1,3 млн тонна, Ауғанстанға 127 мың тонна астық жеткізеді. Иранға 211 мың тонна астық жеткізу қажет. Десе де Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты іркіліп қалған тасымал соңғы кезде қайта жандана бастаған. Қыркүйек айында Иранға 140 мың тонна жеткізілген. Италия, Түркия мен Ресейге 423 мың тонна экспортталған.

Қаңтар-қыркүйек айларында Орталық Азия елдеріне 495 мың, Қытайға 639 мың, Ауғанстанға 666 мың тонна жөнелтілген.

Ұн ішкі және сыртқы қажеттілікті қанағаттандыра алады ма?

Кейбір сарапшылар Өзбекстан экспорттық ұнға баж салығын салып, шекарадан тек қана бидай өткізетінін айтады. Экономист Атамұрат Шәменовтің пікірінше, өзбектер қазақ бидайын ұнға айналдырып, экспортқа шығарып, пайда тауып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл пікірмен келіспейді.

«Ұн тарту кәсіпорындары ішкі және сыртқы қажеттілікті қанағаттандыра алады. Өңделген бидай дәнінің өндірісі жеткілікті болуы себепті, ұн диірмендерін салуды ынталандырмайды», – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрліктң дерегінше, елімізде ұн тартуда жалпы қуаты 9,1 млн тонна болатын 270 кәсіпорын бар. Жалпы 2023 жылы ұн тарту кәсіпорындарының жүктелуі – 33,8%. Отандық ұн өндірісінің көлемі елдің ішкі тұтынуынан 2 есе асады.

 «Әлемдік нарықта Қазақстан астық пен ұн экспорты бойынша жетекші орынға ие. Жыл сайын орта есеппен 14 млн тонна бидай дәні өндіріледі, ішкі тұтыну көлемі мен өңделген астықтың үлесі 7,5 млн тонна болса, экспортқа 5,0 млн тоннадан аса жөнелтіледі», – дейді министрлік.

Сондай-ақ оқыңыз