Павлодар облысында 10 мың гектар жерді шарпыған дала өрті оқшауланды
Павлодар облысының Баянауыл ауданында 10 мың гектар аумақта болған дала өрті сағат 14:30-да оқшауланды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше өртті сөндіруге Павлодар облысының құтқарушылар тобы, Астана қаласының ТЖД, Абай облысының және ҚР ТЖМ 68303 әскери бөлімшесі, орман шаруашылығы қызметтері мен жергілікті атқарушы органдардың ерікті өрт сөндірушілері қатысты.
Өртті оқшаулау үшін 236 адам, 42 техника, 2 әуе кемесі және 3 пилотсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Барлығы 29 су ағызу операциясы жасалып, 64 тонна су төгілді. Су Шалқаркөл көлінен және Желтау елді мекеніндегі ұңғымадан алынды.
Қазіргі уақытта шөпті жану ошақтарын толық жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, 6 қазан күні Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында құрғақ шөп өртеніп, қатты желдің салдарынан өрт Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық паркіне дейін жетті.
Өрт салдарынан Қарағанды облысында Қарқаралы ауданындағы қызметтік міндетін атқару кезінде өрт сөндіруші-құтқарушысы Хали Хайрат қаза тапты.