Қазақстанда Марбург індетіне қарсы санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді

Жарияланды
Шетелден келіп жатқан жолаушылар термометриялық әдіс арқылы скринингтен өтеді/фото/Shutterstock

Қазақстанда халықаралық әуежайларда, мемлекеттік шекарада марбург індетіне қарсы санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев мәлімдеді.

«Шетелден келіп жатқан жолаушыларды термометриялық әдіс арқылы скринингтен өткізуді жалғастырып жатырмыз. Бұл құрал қызу көтеріліп тұрған адамды бірден анықтап береді. Ол адамды ішкі кіргізбей, бірден оқшаулау бөлмесіне апарамыз. Аса қауіпті ауруларға күдік болса, жедел жәрдем шақырып, инфекциялық ауруханаға жеткізіп, толық зерттеу жүргізіледі», – деді ол.

ДДСҰ мәліметі бойынша, марбург вирусымен ауырған адамдардың арасында өлім-жітім деңгейі 25-тен 90 пайызға дейін жетеді.

«Мұның қаншалықты қауіпті вирус екені осыдан аңғаруға болады. Марбруг – өте жұқпалы індет. Оның алғашқы тасымалдаушылары – жарғанаттар. Солар арқылы жануарларға, адамдарға жұққан. Тікелей қатынас кезінде ауру адамнан сау адамға жұғуы ықтимал.  Дененің шырышты қабаттары, терісі бүлінеді. Жарғанаттар мекендейтін үңгірлерде тамып тұрған ауа тамшылары арқылы да жұғуы мүмкін», – дейді Жасұлан Алпысбаев.

Маманның айтуынша, Қазақстанның ауа-райы осы қауіпті вирустың өмір сүруіне қолайсыз. Бірақ вирусты сырттан әкелу қаупі бар.

30 қыркүйекте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем жұртшылығына ескерту жасап, Африка елдерінде Марбург вирусының – өте қауіпті инфекцияның белең алғанын хабарлаған. Батыс Африкадағы Руанда елінде осы вирусты жұқтырған 36 адамның 11-і қайтыс болыпты. Қазір 25 адам стационарлы ем қабылдап жатыр. Марбург вирусының ең басты ерекшелігі – өлім-жітім деңгейі өте жоғары.

Мұның алдында Денсаулық сақтау министрлігі Марбург вирусының алдын алу туралы ескерту жариялап, профилактикалық шаралар тізімін ұсынған-ды.

Сондай-ақ оқыңыз