Қарқаралы ауданындағы дала өрті 45 мың гектар аумақты шарпыды: аудан әкімі тұрғындарды сабырға шақырды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Өрт 45 мың гектар аумақты шарпыды / Фото: shutterstock.com

Қарқаралы ауданында дала өрті 45 мың гектар жерді шарпыды. Аудан әкімі Әділжан Арғынов Instagram желісіндегі парақшасында тұрғындарға үндеу жолдап, өртке қатысты жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.

Оның айтуынша, қазір Теректі ауылында өртті сөндіру бойынша жедел штаб ұйымдастырылған. Оқиға орнында аудан әкімінен бөлек облыс әкімінің орынбасары да жүр. Өрт сөндіруге 386 адам және 64 бірлік техника, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің ұшақтары жұмылдырылған.

«Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде көмек көрсету немесе қаржы жинау бойынша әртүрлі үндеулер таралып жатыр. Осыған орай жауапты мамандар үйлестірмеген немесе ұйымдастырмаған көмек дұрыс емес екенін ескерткім келеді. Қазіргі кезде қажетті күш-құралдарымыз жеткілікті. Сарбаздардың тамағы демалатын орны, сонымен қатар жанар-жағармай да – бәрі қамтамасыз етілген. Сіздерді сабырға және әртүрлі жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамын. Қажет болса, үндеу жасаймыз «, – деді әкім.

Дала өрті Павлодар мен Қарағанды ​​облыстарының шекарасындағы аумақты шарпыған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт 45 мың гектарға жеткен. ТЖМ Табиғи өртті сөндіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлаған. Айыр, Шөптікөл, Қызылшілік, Атантай, Теректі елдімекендеріне қауіп жоқ.

Бұған дейін ТЖМ Павлодар облысындағы 10 мың га алқапты шарпыған дала өрті оқшауланғаны хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз