Қор нарығына шолу: мың құбылған мұнай бағасы, АҚШ-тағы мөлшерлемеге қатысты болжамдар, Германия экономикасы тоқырап тұр

Жарияланды
нефть
Фото: Shutterstock

АҚШ акциялары төмендеді. Себеп – мөлшерлемеге қатысты белгісіздік пен мұнай бағасының өсуі. Германия экономикасы тоқырап тұр. Ал Сауд Арабиясы төмен көміртекті отын өндіруге қомақты инвестиция салуды жоспарлап отыр. Осы және өзге де тақырыптар жөнінде 7 қазандағы шолудан оқыңыздар.

Brent бағасы жеткізілімдерге төнген қауіптен кейін 80 долларға дейін өсті

Market Watch басылымының хабарлауынша, 7 қазанда сауда сессиясында мұнай фьючерстері 3%-дан жоғары өсім көрсетті. Brent маркалы мұнай баррелі 80 доллардан асты. Иран мен Израиль арасындағы тікелей қақтығыстың күшеюі өңірдің мұнай жеткізілімдеріне қауіп төндіруі мүмкін.

Қарашада жеткізілетін WTI маркалы мұнайдың бағасы Нью-Йоркте барреліне 77,5 долларға саудаланды, шамамен 4%-ға қымбаттаған. Бұл тамыз айының соңынан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Infrastructure Capital Advisors бас директоры Джей Хэтфилд Израильдің Иранға қарымта соққы беруі даусыз екенін айтты. Егер соққы мұнай нысандарына бағытталса, «қара алтын бағасы барреліне 90 долларға дейін көтерілуі мүмкін».

Алайда мұнай бағасының өсуі сарапшы күткендей болмады. Нарық ОПЕК+ елдерінің резервтік қуатында күніне шамамен 5,5 млн баррель бар екеніне сенеді. Сондай-ақ геосаяси шиеленіс толыққанды соғысқа ұласпайды деген үміт те бар.

«Мұнайға шын қауіп – соғыс емес, артық ұсыныс, – дейді SPI Asset Management басқарушы серіктесі Стивен Иннес. – ОПЕК+ ұйымы желтоқсаннан бастап күніне 2,2 млн баррельге ерікті қысқартуды біртіндеп тоқтатуға дайындалып жатқан секілді. Бұл мұнайдың көптеп келуіне жол ашуы мүмкін».

АҚШ акциялары ФРЖ-ның жоғары мөлшерлемесі мен мұнай бағасының қысымына ұшырады

Дүйсенбі, 7 қазан күні АҚШ-тың қор индекстері шамамен 1%-ға төмендеді. Инвесторлар әлі де жоғары қарыз мөлшерлемелеріне алаңдаулы. Бұл корпоративтік сектордың үшінші тоқсандағы пайдасына әсер етуі мүмкін CNBC мәліметінше, мұнай бағасының өсуі инфляцияны қайтадан күшейтуі мүмкін деген алаңдаушылық та туып отыр.

CFRA Research компаниясының бас инвестициялық стратегі Сэм Стоволл үшінші тоқсандағы пайдаға қатысты болжамдар нарыққа қысым көрсетіп отырғанына сенімді.

Сонымен қатар инвесторлар ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеуіне қатысты болжамдарды қайта қарауда деп жазды Reuters. CME-нің FedWatch құралының мәліметінше, қарашада пайыздық мөлшерлемені 50 базистік тармаққа емес, 25 тармаққа төмендету ықтималдығы жоғары. Осы жағдайға байланысты АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигацияларының кірістілігі екі ай ішінде алғаш рет 4%-дан асты. Ал екі жылдық облигациялардың кірістілігі де қысқамерзімде 4%-ға дейін өсті.

«Пайыздық мөлшерлемеге қатысты болжамдар түсініксіз. Ол келесі жылы экономиканың күшті немесе әлсіздігіне байланысты болады», – дейді Wells Fargo Инвестициялық институтының инвестициялық стратегия жөніндегі талдаушысы Тони Миано.

Сауд Арабиясы төмен көміртекті отын өндіруге қомақты инвестиция салады

Сауд Арабиясының Ұлттық әл-ауқат қоры экологиялық таза сутегі энергиясын өндіруді қаржыландыратын Energy Solutions компаниясын құрды, деп жазды Bloomberg өз дереккөздеріне сілтеме жасап. Қордың бұл бизнеске кем дегенде 10 млрд доллар инвестиция салатыны күтіліп отыр. Егер сутегі отынына деген сұраныс артса, билеуші әулет жобаны қосымша қаржыландыруға дайын. Қаражаттың бір бөлігі Saudi Aramco компаниясынан түседі.

Айта кетейік, Сауд Арабиясы көмірқышқыл газын шығармай жанатын экологиялық сутегі отынының әлемдегі ең ірі өндірушілерінің бірі болуды көздеп отыр. Ел өз тәуелділігін мұнай сатудан азайтқысы келеді. Бірақ энергияның әлемдік жеткізушісі ретінде қалуды жоспарлайды. Арабтар бұл жарыста Қытай, Еуропа және Аустралиядан қалысқысы келмейді.

Алайда экологиялық таза сутегі өндіру өте қымбатқа түседі. Сонымен қатар импорттаушы елдерде инфрақұрылым жасау қажет. Мұндай отынды қауіпсіз тасымалдау да күрделі, сондықтан әлеуетті сатып алушылар ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол қоюға асықпайды.

Сауд Арабиясында құны 8 млрд доллар болатын төмен көміртекті отын шығаратын зауыт салынып жатыр. 2024 жылдың ақпан айында PIF қорының басқарушысы және Aramco-ның төрағасы Ясир Әл-Румайян мәлімдегендей, мемлекет әлемдік «көгілдір» сутегі өндірісінің 15%-ын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Германия экономикасы тоқырап тұр

Bloomberg мәліметінше, тамыз айының қорытындысы бойынша Германиядағы өндірістік тапсырыстар күрт төмендеді. Бұл көрсеткіш шілдемен салыстырғанда 5,8%-ға азайды. Ал тамызға дейінгі екі ай бойы өндірістік тапсырыстар өскен еді. Қазіргі құлдырау қаңтар айынан бергі ең ірісі болып саналады және экономистер мұндай жағдайды күтпеген еді.

Тапсырыстардың азаюы экономиканың әлсіздігін көрсетеді. Бәлкім, ол қазірдің өзінде рецессияда болуы мүмкін. Өткен айда Германияның Федералды банкі елдің ЖІӨ-нің үшінші тоқсанда тоқтап қалғанын немесе тіпті төмендегенін растаған болатын.

Бұған қоса, көңіл-күй индикаторлары елдің болашағына қатысты қосымша проблемаларды көрсетіп отыр. Ifo институтының кәсіпорындар арасында жүргізген сауалнамасы негізінде жасалған күту көрсеткіші қыркүйекте 86,3 деңгейіне дейін төмендеді. Бұл – 2024 жылдың ақпанынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Сатып алушылар менеджерлерінің жауаптары негізінде жасалған басқа индекстер жеке сектордың жалпы қысқаруын жалғастырып жатқанын көрсетіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз