Миллиардер Кеңес Рақышев Украинадағы БТА банкті кімге сатып жатыр?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Кеңес Рақышев
Кеңес Рақышев Украинадағы БТА банкті сатып алатын инвестор тапқан / Фото: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Миллионер Кеңес Рақышев Украинадағы БТА банкті украин инвесторына сатады. Ол бұл туралы Forbes басылымына берген сұхбатында айтты.

Алайда кәсіпкер банкті кімге сататынын нақтыламаған. Рақышев қос тараптың мәмілесіне Ұлттық банк рұқсат берген соң, бүкіл ақпаратты ашық жариялайтындарын мәлімдеді.

«Украинадағы БТА банкті сату жоспарын 2020 жылы хабарлаған едік. Алайда бірінші сатып алушы, жергілікті [украиндық] инвестор монополияға қарсы және реттеуші органдардан рұқсат ала алмады. Содан кейін Kaspi акционерлері активке қызығушылық танытытып, олар бүкіл рұқсатнаманы алды. Алайда белгілі бір жайттарға (Украинадағы соғыс – ред.) байланысты, мәміледен бас тартуға шешім қабылдады. Сәйкесінше, біз басқа сатып алушыны іздей бастадық. Енді тиісті құрылымдардың рұқсатын ғана күтіп отырмыз», – деді Рақышев.

Компанияның 2022 жылы қаржы есебіне сәйкес, Украинадағы БТА Банктің 100% акциясын сату жайлы алдын ала келісім жасалған. Сатып алушы 4,5 млрд теңге көлемінде аванс төлеуге міндетті болды. Алайда келісім нақты кіммен жасалғаны сол күйі хабарланбаған.

Қазіргі кезде кәсіпкердің Fincraft Group компаниясы шығынға батып отыр. Компанияның жалпы шығыны 2023 жылы 655,2 млн теңгені, ал 2022 жылы 424,8 млн теңгені құрады. Шығынға белшесінен батса да, Кеңес Рақышев пен БЖЗҚ-ға 400 миллион теңгеге жуық дивиденд төлемек.

2024 жылдың наурыз айының соңында Fincraft Resources қарапайым акцияларының 78,85%-ы Fincraft Group-қа, 9,76%-ы Heatpoint Holdings Limited-ке және 11,39%-ы басқа тұлғаларға тиесілі болды. Компанияның түпкілікті бенефициары – Кеңес Рақышев.

Кәсіпкер осы компаниясы арқылы бірнеше компанияға иелік етеді. Оның ішінде, BMT Holding Limited жеке компаниясы (100%), «SAT Nikel» ЖШС (100%), «Ертіс ферроникель комбинаты» ЖШС (93,4%), SAT Petrochemicals (100%), «Центрально-Азиатская инвестиционно-консалтинговая компания» ЖШС (99,9%) бар.

Сонымен қатар табиғи ресурстар саласында құрығын кеңейтіп отыр. Таяуда ғана Fincraft Group арқылы Beineu Petroleum Limited жекеменшік компаниясының 40 % үлесіне иелік еткен болатын. Кеңес Рақышев – Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің бірі, байлығы 435 млн долларға бағаланады.

Сондай-ақ оқыңыз