Қарағанды облысындағы табиғи өрт толыққанды сөндірілді
Қарағанды облысында бірнеше күнге жалғасқан табиғи өрт толыққанды сөндірілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару бөлімшелері Қарағанды облысындағы табиғи өртті сөндірді», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, облыс аумағындағы 7 елдімекенге жақындап қалған. Онда шамамен 1,5 мыңнан астам адам тұрады. 11 шаруа қожалығында 33 мың бас мал бар. Құтқарушылар өртті елдімекендерге жеткізбей тоқтатып үлгерді.
Өрттің нақты аумағы әзірге белгісіз. Министрлік бұл туралы ақпараттың әлі толықтырылатынын хабарлады.
Табиғи өрт Қарағанды және Павлодар облыстарының шекарасында басталып, екі жаққа қарай тараған. Павлодарға қарай жылжыған өрт кеше түстен кейін сөндіріліп бітті. Кеше кешке құтқарушылар Қарағандының Қарқаралы ауданына қарай тараған тілсіз жауды толықтай оқшаулаған.
7 қазан күні өрт сөндіру кезінде Қарқаралы ауданында өрт сөндіруші-құтқарушысы Хали Хайрат қаза тапқан.