Полиция Талғарда жасөспірімді өлтірген күдіктілердің қылмыстық топ мүшелері болғанын жоққа шығарды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Талғарда жасөспірім өлімі: полиция түсініктеме берді / Фото: Шадияр Өстемір / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Полиция Талғарда 16 жасар Шерзат Болатты өлтірді деп күдікке ілінген азаматтардың қылмыстық топ мүшелері болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы KursivMedia тілшісіне Алматы облысы полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Серік Шалқаров айтып берді.

«Қылмыстық топ ұғымына түсінік беретін қылмыстық бап бар. Яғни бір, екі немесе одан да көп қылмысты бірігіп жасаған адамдар тобы. Ал бұл жерде бір реттік оқиға, адамдар бір рет жиналған. Әлеуметтік желілерден «Хуторский» дегендерді біз де көрдік. Мұндай бандиттер мен қылмыстық топтар жоқ», – деді Шалқаров.

Ол қамауға алынғандардың жеке басына қатысты мәліметтерді сотқа дейінгі тергеу кезеңінде таратуға тыйым салынғандығын айтып, күдіктілердің бұрын қылмыс жасауы туралы фактілерді айта алмайтынын ескертті. Дегенмен күдіктілердің туыстары күштік құрылымдарда, әкімдікте немесе прокуратурада істейді деген әлеуметтік желіде тараған ақпараттарды жоққа шығарды.

Полиция күдіктілерден үш пышақ пен бір тіркелмеген қаруды тәркілеген.

Шалқаров тергеудің «Бірнеше адамның кәмелеттік жасқа толмаған азаматты өлтіру» бабы бойынша жүріп жатқанын атап өтті.

Осыған дейін Шерзат Болаттың туыстары полиция мен жедел жәрдем кезекшілерін жұмыстан шығаруды сұрап, президентке жүгінгендерін жазған едік.

«Оны зерттеп көрдік. Әр автокөліктің ішінде GPS-трекерлер бар. Олардың қай жерде жүргендерін бақылап отырамыз. Бізге ең алғашқы шақырту сағат 00:40 түскен. Одан кейін тағы да 5 қоңырау түскен. Сол жердегі куәгерлер хабарласқан. Алғашқы сағат 00:40 түскен қоңыраудан кейін біздің қызметкерлер 9-10 минутта жеткен. Бұл нормаға сай», – деп жауап берді мәселеге қатысты сауалға Шалқаров.

Сондай-ақ оқыңыз