«Ақылды камералар орнатамыз» – Қорғаныс министрлігі әскердегі қауіпсіздікті жасанды интеллект арқылы бақыламақ

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Министрлік «ақылды» камералар орнатылса, әскердегі келеңсіз оқиғалар азаятынына сенімді / Коллаж: архив kursiv.media 

Қорғаныс министрлігі әскердегі қауіпсіздікті жасанды интеллект арқылы бақылап отырмақ. Нақтырақ айтқанда, ақпараттық жүйе жаңартылып, ақылды бейнекамералар орнатылады. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиев бұл әскердегі түрлі келеңсіз оқиғаларды азайтуға айтарлықтай септігін тигізетінін айтады.

Ахмадиевтің сөзінше, бүгінде әскери бөлімдердің бәрінде онсыз да камера бар. Алайда олардың ақпараттық жүйесі әлсіз. Сол себепті жасанды интеллект арқылы бейне-аналитика жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Ол әскердегі жанжал, бірнеше адамның  топтасып жиналуы, жауапты адамдардың өз орнын тастап кетуі, қару-жарақты сақтау камерасына рұқсатсыз кіру сияқты фактілерге бірден сигнал береді.

«Біз қазір ақпараттық жүйені енгізу жұмысын жүргізудеміз. Ақылды бейнекамара орнатуды қарастырып жатырмыз, бұл камераларда жасанды интеллект элементтері бар. Яғни ақылды видеокамераларға айналдырамыз. Әскери бөлімге  кім кірді, қашан кірді, қашан шықты, дәл қазір әскери бөлімде қанша адам жүр – осының барлығын бақылап, ақпарат беріп тұрады. Сондай-ақ жауапты адамдар орнын тастап кететін болса, сигнал береді. Дүниежүзінде қандай аналитика бар, соны енгіземіз деген жоспар бар», – деді Дархан Ахмадиев Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, қазір жоба қажетті бағдарланы қамтамасыз етуді сатып алу механизмін анықтау сатысында, оған 400 млн теңге қажет болады.

«Бірақ бұл жерде бір бағдарламалық жасақтама мәселені шешпейтінін түсіну керек, өйткені сіз IT-инфрақұрылымды жаңартып, осы бейне деректерді сақтау үшін серверлерді сатып алуыңыз керек, бейнекамераларды өзіңіз жаңартуыңыз керек. Бізде бейнекамералар жеткілікті, бірақ, өкінішке орай, олардың барлығы сандық емес. Кейбірі аналогтық. Біз оларды цифрлыққа жаңартуды жоспарлап отырмыз»,– деді министр орынбасары.

Еске сала кетсек, 20 қыркүйек күні таңертең, Аягөзде әскери қызметкердің өзіне қол жұмсап, қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Офицер Қызылордадан осы әскери бөлімге жақында ғана келген. Қайғылы оқиға жұмыстан тыс уақытта болған.

Ал 17 қыркүйекте Арыста әскери қызметкердің басына оқ тиіп, ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша ол өзіне қол жұмсамақ болған.

Қорғаныс министрлігінің өкілдері Аягөздегі әскери қызметкердің суицид жасауына қандай факторлардың әсер еткенін айтты. Олар Маңғыстау өңіріндегі жағдайға қатысты оқиғаны адами фактор деп атаса, Аягөздегі суицидті тұрмыстық жағдаймен байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз