Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 10,1 млрд теңге өтемақы төленді
Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 615 кәсіпкерге 10,1 млрд теңге өтемақы төленді. 1 қазанға дейін шағын және орта бизнестен 15 млрд теңге сомасына 764 өтінім келіп түсіп, соның ішінде 630 өтінім бойынша оң шешім қабылданған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жергілікті әкімдіктер су тасқынанан зардап шекккен кәсіпкерлердің мүлік шығынын өтеу туралы өтініштерін қарауды жалғастырып жатыр. Жалпы кәсіпкерлердің шығынын өтеуге Үкімет резервінен 12,1 млрд теңге бөлінген болатын.
«2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша ШОК субъектілерінен 15 млрд теңге сомасына 764 өтінім келіп түскен. Шамамен 12 млрд теңге сомаға 630 өтінім бойынша оң шешім қабылданды, оның ішінде 10,1 млрд теңгеден астам сомаға 615 өтінім (өтінімдердің жалпы санының 80,4%-ы) бойынша төлемдер толық көлемде жүргізілді», – делінген ҰЭМ хабарламасында.
30 кәсіпкердің өтемақы туралы өтініші кері қайтарылған. Министрлік қалған зардап шеккен объектілер бойынша бағалау және сметалық жұмыстар жалғасып жатқанын хабарлайды. Бағалау жұмысы аяқталған соң, өтінімдер Өңірлік комиссиялардың қарауына шығарылады.
Өтемақы алу туралы өтініш негізінен Атырау (423 өтінім) және Солтүстік Қазақстан (107 өтінім) облысы кәсіпкерлерінен түскен. Батыс Қазақстан облысының 87 кәсіпкері өтеақы алуға өтініш берді. Сонымен қатар, Қостанай облысынан – 68, Ақтөбе облысынан – 51, сондай-ақ Ақмола облысынан 28 өтінім түсті.
Қазақстанда көктемде болған су тасқынының шығыны әлі де есептеліп жатыр. Қазірдің өзінде келген шығын 300 млрд теңгеден асады. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, әлі салынып жатқан жолдар, құбырлар мен бөгеттердің сомасы нақты есептелмегенін айтты.