Денис Тенді өлтіргендердің үкімі өзгеріссіз қалды
Жоғарғы сот Денис Тенді өлтіргендердің үкімін өзгеріссіз қалдырды. Түрмеде жазасын өтеп жатқан Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовтың үкімді қайта қарау туралы шағымын қарап, сот жұмысында заң бұзушылық болмағанын нақтылады.
«Судьялар істі кассациялық қарауға беруден бас тартты», – делінген хабарламада.
Қорғаушылары оларды ақтап шығаруды сұраған болатын.
Атақты мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2018 жылы 19 шілдеде кісі қолынан қаза тапты. Алматы қаласының Құрманғазы және Бәйсейітова атындағы көшелердің қиылысында көлік тонауға, қымбат көліктердің айналарын ұрлауға машықтанған ұрылар пышақтап кеткен-ді.
2019 жылы Арман Құдайбергеновті Денис Тенді өлтіргені үшін кінәлі деп тапты. Ол 18 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Нұралы Қиясовқа да осындай мерзімге жаза кесілген еді.
Мұның алдында соттың Денис Теннің өліміне кінәлі азаматтардың жазасын өтеу режимін жеңілдеткені туралы жазғанбыз.