«Теңгенің әлсіреуіне ішкі факторлардың ықпалы басым». Экономист теңгенің құнсыздануы ел бюджетіне тиімді боп тұрғанын айтады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
теңге бағамының
Теңге бағамының әлсіреуіне не әсер етіп жатыр / Фото: shutterstock.com

Экономист Ғалымжан Айтқазин Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтің теңгені «тұрақты валюта» дегені сенімсіздеу шықты деп тұжырымдайды. Вице-министрдің пікірі бәріне белгілі тезистерге құралғандай. Ал Айтқазин дәл қазір теңгенің әлсіреуіне «бюджет түсімінің төмендігі» қысым көрсетіп тұр деген пікірде.

Өйткені теңге әлсіреген сайын, Қазақстан бюджетіне экспорттан түсетін қаржы көлемі артады.

«Биыл валюта нарығында негізінен ішкі факторлардың ықпалы басым болды. Солардың бірі – Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылған трансферттер. Ұлттық банктің Ұлттық қордағы валютаны Қазақстан қор биржасында сатуы – Қазақстанда теңге бағамына қысым жасап, оның нығаюына ықпал етеді. Ұлттық қордан сатылатын валютаның ықпалы мұнай бағасы мен сыртқы сауда балансы сынды сыртқы факторлардан әлдеқайда асып түсер еді. Алайда теңге бағамы нығайғанда, оның ел бюджеті үшін тиімсіз екені белгілі болып қалды. Өйткені мұнайдан түсетін 1 долларды теңгеге айналдырғанда, бюджетке түсетін қаржы азайып кетті», – дейді сарапшы.

Сондықтан сарапшы теңгенің құнсыздануына «бюджет кірісінің жетіспеуі» деген фактор әсер етіп жатыр деп пайымдайды. Бір жағынан бюджетке қажет трансферттер үшін Ұлттық қор валютасын сататын Ұлттық банк, екінші жағынан, бағам тиімсіз болса да, БЖЗҚ-ға үлкен көлемде доллар сатып алып отыр.

«Бұл өз кезегінде жыл басындағыдай теңгенің қатты нығаюына жол бермеді. Нәтижесінде, мұны екінші деңгейлі банк секілді нарық ойыншылары да түсініп, «бюджет тапшылығы» жағдайында теңге бағамына оңай қысым жасай алады. Қазіргі теңге бағамы құбылуының бар себебі – осы», – деп жазады экономист.

Сенат кулуарында Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов «теңгенің тұрақтылығына сенетінін», бағам өзгермелі дәліз аясында құбылып тұр деп мәлімдеген.

«Теңге – тұрақты валюта. Оған сыртқы және ішкі әртүрлі факторлар әсер етуі ықтимал. Кез келген валюта секілді, ол елдің экспорт пен импортына тәуелді болады. Сондықтан осындай факторлардың әсерінен курс өзгеруі мүмкін. Десе де қазір ұлттық валютаның тұрақты екені байқалып тұр», – деді вице-миниср.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2024 жылға арналған теңгенің орташа жылдық бағамы бір долларға 460 теңге деп белгіленгенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз