Марбург вирусынан қалай сақтану керек? – бас санитар түсіндірді
Әлемде жарқанаттардан тарайтын қауіпті Марбург вирусының ошақтары анықталды. Қазақстанда бұл вирустың алдын алу шаралары қалай жүргізіліп жатыр? Инфекциядан қалай сақтану керек? Бұл сұрақтарға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бас санитарлық дәрігер Сархат Бейсенова жауап берді.
Бейсенованың айтуынша, Марбург – қауіпті инфекция. Осыған байланысты Дүниежүзіліқ денсаулық сақтау ұйымы да барлық елге ескерту жіберген.
Бұл вирустың ошақтары – Оңтүстік, Батыс және Орталық Африка елдері. Яғни Оңтүстік Африка, Габон, Судан, Конго, Либерия, Гвинея, Зимбабве, Руанда, Кения сынды елдерде таралған.
«Марбург безгегі ауыр жүреді. Өлімге әкелу қаупі жоғары. Инфекция бауырдың, асқазан-ішек жолдарының, орталық жүйке-жүйесінің зақымдалуына алып келеді. Бұл вирус адамға жарқанаттардан беріледі. Сонымен бірге науқас адаммен байланысты болған адамға да жұғу қаупі жоғары», – дейді бас санитарлық дәрігер.
Ауру белгілері:
- Ауру жұқтырған адамның дене қызуы көтеріледі.
- Қатты басы ауырып, бұлшықеттер ауырсынады;
- Үшінші күні диарея қосылып, асқазан ішек-жолдарының жұмысы бұзылып, құсуы мүмкін.
- 5-7 күндері ауыр гемморагиялық синдром қосылып, қан кете бастайды;
- 8-9 күндері қатты қан жоғалту салдарынан, адам есінен танып қалуы мүмкін. Ал ауыр жағдайларда бұл вирус өлімге алып келеді.
«Бұл вирус – өте қауіпті. Оған қарсы вакцина жоқ, ем де жоқ. Тек симптомдары ғана емделеді. Комитет бұл ауыр дерттің Қазақстанға кіргізілмеуі үшін алдын-алу шараларын жүргізіпі жатыр», – дейді Бейсенова.
Сонымен бірге бас санитар қазақстандықтарға инфекция ошағы саналатын Африка елдеріне сапарлаудан уақытша бас тартуды ұсынады. Мұндай елдерге сапарлаған азаматтарға жергілікті жерлердің ет өнімдерінен әзірленген тағамдарды, қуырылған немесе шикі ет өнімдерін тұтынудан бас тартуды ұсынады. Сонымен бірге мысырлық жарқанаттар мекендейтін үңгірлерге бармаған жөн.
Бейсенова егер жоғарыда аталған ауру белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажет екенін ескертті. Сонымен бірге дәрігер тазалық талаптарын ұстанудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстанда Марбург инфекциясы тіркелген жоқ», – деді бас санитар.
Айта кетейік, Қазақстанда Марбург індетіне қарсы санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Қазіргі уақытта халықаралық әуежайларда, мемлекеттік шекарада Марбург індетіне қарсы санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр.